Зеленский Ресейге жаңа санкция әзірленіп жатқанын мәлімдеді
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің танкер флоты мен ресейлік мұнайды тасымалдауға қатысы бар барлық инфрақұрылымға қысымды күшейту жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл туралы ол өзінің ресми Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
“ҚЫСЫМДЫ КҮШЕЙТЕМІЗ”
Зеленскийдің айтуынша, Украина өзінің жаңа санкциялық пакетін желтоқсан айында ұсынбақ.
«Ертең біз қалау білдіргендер коалициясы кездесуін дайындаймыз. Құрлықта, әуеде және теңізде Украинамен бірге қауіпсіздік бағытында жұмыс істеп жатқан 30-дан астам мемлекет бар. Келесі аптада Еуропамен екі жақты форматта да үйлесетін боламыз», – деп жазды Украина президенті.
Ол жаңа шектеулердің Киев пен оның серіктестерінің бірлескен шараларының бір бөлігі болатынын айтты.
«Бұл қысымды одақтастарымызбен тізе қосып, күшейтетін боламыз», – деді Зеленский.
Сонымен қатар ол Еуроодақтың ресейлік танкерлер мен мұнай жеткізілімдеріне қатысы бар логистикалық тізбектерге санкцияларды қатаңдату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
ТРАМПТЫҢ КҮЙЕУБАЛАСЫ ҚАТЫСҚАН КЕЛІССӨЗ
Х әлеуметтік желісінде Зеленский АҚШ тарапымен өткен келіссөздер туралы да хабарлады. Талқылауға Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер, қаржы министрі Скотт Бессент және BlackRock инвестициялық компаниясының бас директоры Ларри Финк қатысқан. Украина президенті бұл әңгімені «өнімді» деп бағалады.
Зеленскийдің айтуынша, бұл Украинаны қалпына келтіру және экономикалық қайта жандандыру құжатын әзірлейтін топтың іс жүзіндегі алғашқы басқосуы.
«Дұрыс тәсіл қолданылса, Украинада іске жарайтын көптеген дайын тұжырым бар. Біз соғысты аяқтауға арналған негізгі 20 тармақтан тұратын іргелі құжатқа қатысты украиналық көзқарасты да әзірледік», – деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін Зеленский Трампқа бейбіт жоспардың жаңартылған нұсқасын тапсыруға дайын екенін мәлімдеген болатын.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске сала кетейік, 20 қарашада Зеленский Дональд Трамп әкімшілігінен Ресеймен соғысты аяқтау жөніндегі жоспар жобасын алған еді. Алғашқы құжат 28 тармақтан тұрған, онда Украина үшін аумақтық жағынан қарсылас ығына жығылу нұсқалары болды. АҚШ тарапы Қырымды, Донецк пен Луганскты Ресейдің бөлігі ретінде тануды ұсынған.
Зеленскийдің сөзінше, құжаттың бастапқы нұсқасы оны «не ар-намыстан айырылу, не басты серіктестен айырылып қалу қаупі» деген таңдау алдында қалдырған. Осыдан кейін ол еуропалық одақтастарымен белсенді кеңесіп, нәтижесінде 20 тармаққа дейін қысқартылған өзгеше бейбіт жоспар әзірленген.