ЕрекшеЖаңалықтар

Депутаттар байланыс операторларын тексеруді талап етті

Мәжіліс депутаттары мобильді байланыс нарығындағы ахуалды зерттеп, операторлардың тариф өсіру әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙЫЛДЫ

Олар депутаттық сауалында мобильді байланыс нарығын демонополизациялау бойынша нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Мәжіліс отырысында депутаттар Beeline, Tele2 және Altel ұсынатын тарифтердің қымбаттауына қатысты түсініктеме талап етті.

Жанарбек Әшімжанов депутаттық сауалды оқып берді. Ол онысын Премьер-министр Олжас Бектеновке және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа жолданған.

«Жақында Қазақстанның мобильді операторлары – Altel, Tele2 және Beeline абоненттік төлемінң 20%-ға өсетінін хабарлады. Демек, интернет тарифтері де 20%-ға қымбаттайды. Бұл телеком-операторлардың шешімі миллиондаған қазақстандықтың қалтасына ауыр соққы болып тиеді, – делінген сауалда.

Депутаттардың айтуынша, тарифтердің қымбаттауы туралы ақпарат шыққаннан кейін елдің барлық өңірінен азаматтардан шағымдар көбейген.
Олар бір жайтқа ерекше назар аударады: «үш ірі оператор тарифтерді бір уақытта және бірдей мөлшерде көтеріп отыр».
Бұл, депутаттар пікірінше, қарапайым тұтынушылар құқығын шектеу.

«Баға өсіп жатыр, ал нарықта нақты балама оператор жоқ. Демек, тұтынушы таңдаудан айырылып отыр. Абоненттер келісілген тариф өсімінің нәтижесінде көбірек төлеуге мәжбүр. Қазір қоғамда операторлар өздерінің нарықтағы басым жағдайын пайдаланып, монополиялық келісімге барды деген пікір кең тарауда», — делінген сауалда.

ДЕПУТАТТАРДЫҢ ДЕГЕНІ

Басым партия фракциясы мынадай шараларды қажет деп санайды: монополиялық келісім белгілерін анықтау үшін интернет жеткізу және тарату секторларына кешенді тексеріс жүргізу; ұялы байланыс нарығын демонополизациялау жөнінде шұғыл шаралар қабылдау.
Бұл ретте ұлттық қауіпсіздік пен тұтынушылар мүддесі басым болуы тиіс.
Мобильді байланыс сапасын арттыру үшін арнайы “жол картасын” әзірлеу, интернет мүлде жоқ елді мекендерді қамту мақсатында.

МӘН-ЖАЙЫ

27 қарашада Beeline, Tele2 және Altel тарифтердің қымбаттайтынын ресми түрде жариялады. 2025 жылдың 25 желтоқсанынан бастап ірі операторлар тарифтерді кезең-кезеңімен көтеріп, қызмет көлемін өзгертуді жоспарлап отыр.
Компаниялар бұл шешімді Салық кодексіндегі өзгерістермен, желілерді жаңғырту шығындарының артуымен және инфрақұрылымды дамыту қажеттілігімен түсіндірді.

Back to top button