ЕрекшеҚоғам

Қазақстан армиясында “дедовщина” жоқ – қорғаныс министрінің орынбасары

Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіров Қазақстан армиясында “дедовщина” жоқ деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде әскери киім киген бір адам сапта тұрған азаматтарды сабап, былапыт сөз айтқан видеосы әлеуметтік желіге көп таралып кеткен еді. Қаныш Әбубәкіров мұны фильмнің фрагменті деп атады.

“Бұл фильм болатын. Ол фильмнің “Баткен” деп аталады. Ол видеода қазақ тіліндегі аудионы қосып, таратып жіберген. Қазір армияда “дедовщина” жоқ. Мен оны ашық мәлімдей аламын”, – дейді ол.

Еске сала кетейік, 10 қарашада барша жұртшылық назары Астанадағы аналардың наразылығына ауды. Аналардың ащы зары көрсетілген, желіге кезек-кезек тараған акция видеоларына лайк басып, пікір қалдырғандарда сан жоқ. Себебі де белгілі: қоғам армияда тәртіп орнатуды баяғыдан талап етіп келеді. Бірақ өкінішке қарай, армиядағы бір сарбаздың өлімінен кейін топырағы суымай жатып, екінші қайғылы оқиға жайлы қаралы хабар тарайды. Өкініштісі, сол жайттардың тергелуі де көп сұрақ туындатады. Туғанынан айырылған қаралы отбасылар әділдікті талап етіп, үндеу жасайды, президенттен көмек сұрады.
Атыраудан Астанаға келген Айна Есбергенова марқұм ұлын әскерде әлдекімдер ұрып соққан соң қаза болғанын айтты. Ұлы 2023 жылы қарашада өз еркімен әскерге кеткен. 2024 жылы 9 сәуірде «балаңыз жүрек ауруынан қайтыс болды» деген қаралы хабар жеткен.

«Барсам баламды киіндіріп қойған. Үстінде сау жері жоқ. Соққы іздері болды. Үйге әкеліп жерледік. Жерлеген соң баламмен бірге әскерде болған достары келіп, баламды ұрып, өлтіргенін айтты. Балам далада 20 минут жатқан, ол кезде тірі болған. Ешқандай көмек көрсетілмеген. Сол жерде көз жұмған. Баламды ұрып өлтірген адамдар заң жүзінде жазасын алса екен деп әділдік іздеп отырған анамын», – деді ол.

Кешқұрым Орда.кз басылымы Астанадағы наразылықтан кейін аналарды жасырын түрде полиция алып кеткенін жазды. Күні бойы БАҚ өкілдері қасында тұрған соң полицейлер сәт сағатын күтсе керек. Журналистер кеткен соң алты әйелді Байқоңыр аудандық полиция басқармасына әкеткен.

МӘСЕЛЕГЕ ТОҚАЕВ ТА АРАЛАСТЫ

Осы ақпарат жағдайдан хабардар жұртшылықты алаңдатып қойған. Алайда кешке қарай тағы бір жаңалық шықты. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Берік Асыловқа әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырғанын хабарлады.

 

Back to top button