ЕрекшеПікір

Жоғалту, жоқтау мен жазғыру: «№37» – қайғыда қалған адамдар жайлы фильм

Әзербайжан драматургы Исмаил Иманның “Астара бақтары” атты пьесасы желісіне негізделген “№37” фильмі – қайғыру процесінің әр сатысында қалып қойған кейіпкерлер туралы психологиялық драма.

Расул (Еркебұлан Дайыров) метродағы лаңкестер ұйымдастырған жарылыста жараланады. Қасында тұрған бейтаныс жігіт оның үстіне құлап, Расул аман қалады. Оқиға барысында екеуінің портфелі ауысып кетеді. Расул портфельдің ішінде қағазда жазылған мекен-жай бойынша Балқаштағы тастанды үйге келеді. Сол жерде жан тапсырады. Ал өзінің портфелі оқиға орнында жан тәсілім еткен жігіттің жанында қалады. Расулдың ата-анасы күлі көкке ұшқан бейтаныс жігітті өз баласы ретінде жерлейді.

Фильм Расулдың әкесінің келіні Зейнепке:

“Мамаңа баршы, кетем дей ме, бір жаққа барам дей ме – бірдеңе деп жатыр, – деген сөзімен басталады.

Бұл – 15 жыл бұрын жарылыс құрбандарын еске алу күні еді. Өмірден озғалы жатқан Расулдың анасында галлюцинация басталады…

Жалпы айтқанда, жаныңа жақын адамның өмірден озуы, арулап көме алмау, соңғы рет жүзін көрмеу, қоштаса алмау – оның жақындарын терең күйзеліске түсіреді. Қайғыру процесінде алдымен болған оқиғаға сене алмау, одан кейін ашулану, саудаласу, күйзеліс, мойынсұну сатылары болады.

Расулдың анасы қайғыру процесінің сене алмау, теріске шығару сатысында қалып қойған адам. Мұндай жағдайда марқұм әлі қасында тірі жүргендей, үйге кіріп келгендей сезімде жүреді. Мұндай күй ұзақ уақытқа созылмауы керек, ал Расулдың анасы 15 жыл бойы осындай күйде жүрді және дәм-тұзы таусылар күні өмірден озған ұлы үйіне “оралды”.

Расул бастапқыда анасына Балқаштың әдемі, гүлзарға толы, мөлдір суы бар жер екенін айтады. Балқаш – символикалық тұрғыда жұмақ. Сондай-ақ, “Балқашта уақыт басқаша жылжиды” деп айтуы – кейіпкер тірі емес, рухы екендігінің, бұл дүние емес, о дүниеде екендігінің белгісі. Фильм соңында ол анасына шын мәнінде Балқаш ол айтқандай емес екенін, Балқашқа барам деп адасып қалғанын айтады. Бұл символикалық тұрғыда – Расулдың мәйіті тастанды үйде жатқандығын, ол арулап жерленбегенін, рухы азат болмай жатқандығының белгісі.

Расулдың анасы – оны бар болмысымен жақсы көретін жалғыз адам. Ол үйге “оралған” кезде бәрі оны “15 жыл бойы қайда жүрдің?” деп жазғырса, тек анасы ғана аман-есен келгеніне қуанды. Ол анасынан мезгілсіз кеткені үшін кешірім сұрап, сүйегін тауып, туған жеріне жерлеуді сұрады, себебі оны ести алатын жалғыз адам — анасы.

Расулдың ағасы – Әнуар қайғыру процесінің ашулану сатысында жүрген адам. Жақынын жоғалтқан адам бұл сатыда ашулы күйде болады, әділетсіздікті сезінеді. “Неге мен мұндай жағдайда қалдым? Неге ол мені тастап кетті? Неге мені осындай жағдайға қалдырды?” деген күйде жүреді. Өзін де, өзгелерді де жек көріп кетеді.

Фильмде Әнуардың осындай күйі бауыры Расул “оралғанда” айқын көрініс табады. Оны 15 жыл жоқ болып кеткені үшін айыптайды. 15 жыл бойы қиналғанын, ішіп кеткенін, белі ауыратынын айтады. Бел ауруы — Әнуардың жағдайында психологиялық бедеулік. Ол әмеңгерлікпен келінін жар етіп алғанымен, ішінде кінәлі сезім көп болғандықтан, 15 жыл бойы ортақ балалары болмайды. Фильм соңында бауыры Расулға оны жақсы көретінін, жақсы көре тұра жек көретінін айтады. Екеуінің құшақтасып, бақұлдасуы моральдық тұрғыда оның жеңілдеп қалуына көмектеседі. Оны жүректен босатқаннан кейін ғана әмеңгерлікпен алған жарына ішімдік ішуді қоятынын, қызды болғысы келетінін айтады.

Расулдың әйелі Зейнеп – қайғыру процесінің саудаласу сатысында жүрген адам. 15 жыл бұрын Расул үйден шыққанда Зейнеппен ұрсысып шыққан, сол себепті ол іштей өзін кінәлайды. “Мен онымен ұрсысып қалмағанда бәрі жақсы болар ма еді” деп ойлайды. Расулдың үйге оралған кезде “Сен қайғырып жүргенде мен Балқашта рахаттанып жүрдім” деуі оның қайғысын, өзін кінәлі сезінуін жеңілдеткендей. Соны күткендей-ақ “Мен сенсіз қайғырып қалғанда сен қалай рахаттанып жүрдің?” деп Расулды жазғыруы, “олай болуы мүмкін емес” деп ойлай алмауы — жан жарын ести алмағандығын дәлелдейді. Расул “Иә, бәріне мен кінәлімін. Баяғы сол бір әңгіме” дейді, демек олар қайта қосылса да, бір-бірімен айырылыспаған болса да әлі күнге дейін бір-бірін ести алмай жүрер еді деген сөз. Расулдың оның жанына жақпайтын сөз айтуы Зейнептің өзін кінәлауды доғаруына көмектесті. Ол осы әңгімеден кейін сүйгенің қайта тіріліп келсе де ештеңе өзгермейтінін, арада ұзақ уақыт өтіп кеткенін, тірі адам тіршілігін жасау керек екенін, оны жүректен босатып, қазіргі жарымен бақытты болу жолын іздеу керектігін түсінді.

Расулдың әкесі қайғыру процесінің сене алмау, ашулану, саудаласу, күйзеліс, мойынсұну кезеңдерінен толық өткен адам. Ол ұлының өмірден озғанына мойынсұнып, мемлекет жыл сайын беретін қаражатты алып, немересінің оқуына жинап отырған адам. Расул әкесінен өзімен сөйлесуін өтінгенде “Мен қартайдым. Зуылдап, әрлі-берлі көтерілетін аттракционда отырғандай күй кешкім келмейді” деді. Бұл символикалық тұрғыда “Мен сені жүрегімнен босаттым. Рухыңды мазалай бергім келмейді” дегенді білдіреді.

Расулдың ұлы символикалық тұрғыда үміттің белгісі. Адамдар өмірге келеді — кетеді, өмір жалғасады. Расул ұлына “Өз арманыңнан бас тартпа” деп кеңес айтуы символикалық тұрғыда “тірі адам тіршілігін жасайды. Алға жылжуды тоқтатпау керек. Артқа емес, алдыға қарап өмір суру керек” деген белгі.

Қысқа қайырғанда, сүйегі басқа жерде жатқандықтан, Расулдың рухы тыныштық тапқан жоқ. Екіншіден, қайғыру процесі қалыпты жағдайда 1-3 жылға созылса, бұл кейіпкерлерде 15 жылға созылып кеткен. Бұл — меланхолиялық күй, бұл — тірі өлік болумен тең. Бұл — жаныңның жартысы осы өмірде, жартысы о дүниеде болумен тең.

Бұл фильм көп жыл бұрын жоғалтқан адамның қайтып оралуы — мидағы иллюзияларды бұзатынын, көп жыл бойы өмір қалай өзгергеніне тағы бір көз жүгіртуге итермелейтіні туралы. Бұл фильм адам қайғыны басынан қалай өткеретіндігі, жаңа өмір сүруді үйрене бастаған кезде жоғалтқанын қайтып тіріліп келсе адам қандай сезімдерді басынан өткеретіндігі туралы. Бұл оқиға адамды аяқ асты жоғалтудың қаншалықты қиын екенін, өткенді қайтарып алу мүмкін еместігін, тіпті ғажайып болып “тіріліп келсе” де бәрі бұрынғыдай болуы мүмкін еместігін, өмірден озған жанды жүректен босатып, өмір сүруді жалғастыру керектігін сипаттайды.

Авторы Зарина Қаһарман

Back to top button