Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгілік елшісі атанды
8 желтоқсанда Женевада өткен Халықаралық көші-қон ұйымының жыл сайынғы жиынында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген БҰҰ-ның жаһандық ізгілік елшісі атанды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
МИГРАНТТАР МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРГЕН
Димаш Құдайбергеннің ресми сайтында бұл тағайындау ынтымақтастықтың жалғасы болғаны айтылды. 2024 жылы Димаш осы ұйымның аймақтық елшісі болып, мигранттар мәселесін көтеріп, олардың қоғамға бейімделуіне көмектескен. Қайырымдылық жобаларына да үнемі қатысып отырған.
ХКҰ-ның айтуынша, 2025 жылы әнші ұйыммен бірге көптеген жұмыстарды бастап, бірнеше маңызды шараларға атсалысқан. Рамазан айында өткен арнайы жиынға қатысып, бүкіл тыңдармандарына мейірім мен жанашырлық туралы үндеу жолдады. Сонымен қатар адам саудасына қарсы күрестің маңызын және қауіп-қатерге тап болған адамдарды қорғау қажеттігін қоғамға қайта еске салды.
ДИМАШ ДӘРІПТЕГЕН ИДЕЯ
Әлемдік Stranger туры барысында Димаш концерттерінде бірлік пен қамқорлық идеясын дәріптеп, көрермендерді ХКҰ-ның гуманитарлық жұмысына қолдау көрсетуге шақырды. Бұл концерттер арқылы ол 100 мыңнан астам адамға үн қатты, ұйымның жұмысы туралы ақпараттың таралуына ықпал етті.