ЕрекшеҚоғам

КазТАГ басшыларына қылмыстық іс қозғалды

КазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігі жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Tizgin.kz kaztag.kz-қа сілтеме жасап.

АДВОКАТТЫҢ АЙТҚАНЫ

Ақпарат агенттігінің бас директоры Асет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов Freedom Finance компаниясының шағымы бойынша күдікті деп танылды. Адвокат Рена Керімованың айтуынша, Матаев пен Қасеновті белгіленген рәсімдерді бұза отырып күдікті деп тану – өрескел заңбұзушылық.

«Оларды өз қатысуынсыз күдікті деп тану үшін, адамның тергеуден жасырынуы немесе тергеу әрекеттерінен әдейі жалтаруы қажет. Ал Матаев та, Кәсенов те тергеу іс-шараларынан ешқашан жалтарған жоқ», – деді ол.

Редакция мәліметінше, қылмыстық істің қозғалғаны туралы олар тек 20 қарашада БАҚ арқылы білген. Алайда іс 18 тамызда-ақ тіркелген. Осылайша, полиция бірнеше ай бойы КазТАГ-тан жасырын түрде тергеу жүргізіп, белгіленген тәртіпті өрескел бұза отырып, редакцияға ескертпестен бірнеше сараптама тағайындаған.

Адвокат Ерлан Макенов сөзінше, сот сараптамасын тағайындау қажет деп тапқан кезде тергеу судьясы арнайы қаулы шығарады.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 272-бабы 4-бөлігіне сәйкес, сараптама тағайындаған адам бұл қаулымен күдіктіні, айыпталушыны, олардың қорғаушысын, жәбірленушіні, оның өкілін, сондай-ақ сараптамаға жіберілетін куәгерді және оның заңды өкілін таныстыруы тиіс. Сонымен қатар, ҚПК-нің 274-бабында көзделген құқықтарын түсіндіруі міндетті. Бұл туралы хаттама жасалып, оған сараптама тағайындаған тұлға мен қаулымен таныстырылғандар қол қоюы керек. Алайда тергеуші бізді осы құқықтан айырды. Сараптама тағайындалғаны жөнінде дер кезінде хабарланбағанын 2025 жылғы 21 қарашада куәгерді таныстыру хаттамасы дәлелдейді», – деді ол.

БАСҚАРМА ТАПСЫРМАСЫ

21 қарашада Қасеновпен куәгер ретінде сөйлескен тергеуші Заманбек Тазабеков адвокат Макеновке сұрақтардың редакция басшылығынан емес, «олардың артында тұрған адамдардан» түсіп жатқанын аңдаусыз айтып қойған.

«Өздеріңіз түсінесіздер, ол жақтан (кім екені анықталмаған – КазТАГ) қандай адамдар сұрақ сыбырлап отырғанын», — деген Тазабеков.

Редакция неге сараптамалар туралы дер кезінде хабарланбағанын сұрағанда, тергеуші бұл әрекеті үшін басшылықтың арнайы тапсырма бергенін ашық мойындаған. Неліктен құқық қорғау органдары КазТАГ редакциясын ештеңеден хабардар етпей, қылмыстық іс қозғау және сараптама жүргізу фактілерін жасырып келді деген сұраққа да әлі жауап жоқ.

Айта кетерлігі, Freedom Finance компаниясының арызы негізінде қозғалған қылмыстық іске себеп болған КазТАГ жарияланымдарындағы барлық ақпараттың бастапқы дереккөзі – адвокат Светлана Оралбаева, сондай-ақ жәбірленушілер Гүлмира Исаева, Жанна Қапарова және Карина Ғайфулина болып табылады.

Редакция 21 қараша күні полицияға бұл тұлғалардың өздері 2025 жылғы 3 сәуірде КазТАГ-пен байланысып, Freedom Finance-тің бұрынғы топ-менеджерлерінің бірі Виталий Световқа қатысты қылмыстық іс жөнінде жарияланған материал «Турлов компаниясының мүддесіне сай жазылған» деген наразылық білдіргенін хабарлаған. Олар өз ұстанымдарын жариялауға мүмкіндік беруді талап еткен. Сондай-ақ өздері басқа бұқаралық ақпарат құралдарына да жете алмай, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА), құқық қорғау органдарына, тіпті Президент әкімшілігіне де шағымдары өтпегенін айтқан.

Өз сөздерін растау үшін олар тиісті мемлекеттік органдарға eOtinish порталы арқылы жолдаған өтініштерінің көшірмелері мен талондарын редакцияға берген.

КазТАГ редакциясы Freedom Finance-ке баспасөз қызметі көрсеткен электронды пошта арқылы бірнеше рет ресми пікір сұрап, тіпті маусым айына дейін талай мәрте хат жолдағанымен, компания тарапынан бірде-бір жауап болмаған. Бұған қоса, агенттік мемлекеттік органдарға да сауалдар жолдаған.

ТІЗІМДЕ КІМДЕР БАР

Осылайша, редакция жарияланым алдында заң талап ететін барлық рәсімді толық көлемде орындағанын атап өткен жөн.

Бұған дейін ІІМ басшысы Ержан Сәденовтің жақын шеңберіндегі жоғары лауазымды қызметкер редакцияға полиция тарапынан қысым болмайтынын, іс жабылатынын айтқан. КазТАГ мұны журналистердің қырағылығын бәсеңдетуге жасалған айла деп санайды. Редакция бұл істің алдағы сайлау қарсаңындағы қысым көрсету әрекеті екенін, артында Президент әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдері, оның ішінде «ескі Қазақстан» ықпалы бар тұлғалар тұруы мүмкін екенін мәлімдеді.

Аталған қылмыстық іс белгілі бір көзқарастары сенім тудырмайтын тұлғалар тізімін қалыптастыру логикасына сай келеді деп бағаланады. Бұндай тізім, президент әкімшілігі қызметкерлерінің араласуымен жасалған деп саналады. Онда Матаев пен Касеновтен басқа, жүздеген адам бар. Соның ішінде журналистер Гүлжан Ерғалиева, Джамиля Маричева, Самал Ибраева, Тамара Вааль, Серік Аббас-шах және Дина Елгезек, саясаттанушы Досым Сатпаев, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, адвокат Джохар Утебеков, режиссерлер Ринат Балғабаев пен Қуаныш Бейсек, актер Әнуар Нұрпейісов, PR-маман Әлішер Елікбаев, әнші Айқын Төлепберген, боксшы Мұхит Амантаев және тағы басқасы бар.

Миллиардер Тимур Турловтың жиі президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге бой көрсетуі бұл істің Freedom Finance-ті санкциялық тәуекелдерден қорғау мақсатымен байланысты болуы мүмкін деген тұжырым жасауға себеп береді.

Осыған байланысты КазТАГ Freedom Finance-тің бұрынғы филиал директоры Руслан Какенов пен бас редактор Әмір Қасенов арасындағы әңгіме жазбасының толықтай тарқатып жариялады. Какенов компанияның санкцияларды айналып өтуге көмектескен схемалары туралы айтады. Ол бұл туралы толығырақ мәлімдеу керек болған, бірақ әңгімеден көп ұзамай тұтқындалып, кейін бас бостандығынан айырылған.

 

Back to top button