Без рубрикиЕрекше

Миллиардтаған табысы бар бірнеше қазақстандық Forbes-қа енді

Forbes елдегі ең ірі 75 жеке компанияның жаңартылған рейтингісін жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ПАЙДАҒА КЕНЕЛГЕН КОМПАНИЯЛАР

Биыл тізімге бірден тоғыз жаңа компания қосылған. 2024 жылы таза табыс бойынша KAZ Minerals Plc әлі көшбасшы. Аталған компания 604,3 млрд теңге пайда тапқан.

Тізімге жаңадан кіргендер қатарында: Сергей Павлингер отбасының Railways Systems KZ компаниясы (19-орын); Андрей Лаврентьевке тиесілі QazTehna зауыты (36-орын); Тимур және Динара Құлыбаевтардың Mercury Properties атты девелоперлік компаниясы (43-орын); Махмұдовтар тобының мұнайсервистік холдингі Orbis Oilfield Services (47-орын) бар. Сонымен бірге тізімге алғаш рет «Кайнар-АКБ», «Отау-Строй», AVC Production, «Мелиоратор» және Bapy Mining енді.

Табысты ең көп арттырған компаниялар қатарында Integra Construction KZ (+118%), АгромашХолдинг KZ (+101%) және Qazaq Bitum (+96%) бар. Таза пайда бойынша көшбасшылар: KAZ Minerals — 604,3 млрд теңге, BI Group – 118,1 млрд теңге, Қазақмыс – 63,6 млрд теңге. Сонымен қатар KAZ Minerals елдегі ең ірі салық төлеуші болып қала береді: компания 461,07 млрд теңге салық аударған.

ҮЗДІК ОНДЫҚТА КІМДЕР БАР

KAZ Minerals екінші жыл қатарынан көшбасшы. Компанияны Владимир Ким мен Олег Новачук басқарады. 2024 жылы: табыс көлемі – 1,81 трлн теңге, жылдық мыс өндірісі – 380 мың тонна. Екінші орынға “Казцинк” шықты – табысы 1,433 трлн теңге. Үштікті Астана Моторс түйіндейді – 1,18 трлн теңге.

Сонымен қатар үздік ондыққа Qarmet, «Казхром», BI Group, Magnum Cash & Carry, «ССГПО», Orbis Auto және «Қазақстан коммуналдық жүйелері» кірді.

Бұған дейін зерттеушілер құны 7,33 трлн теңге болатын Чукоткадағы Баимский жобасын KAZ Minerals акционері Владимир Киммен байланыстырған. Санкциялар енгізілген соң жоба «жабық қорға» рәсімделгенімен, басқарушылар құрамында өзгеріс болмағаны айтылған. Материалда Кимнің Қазақстанның бұрынғы президентімен аралас-құраластығы туралы да сөз болған.

Forbes тізімінде Қазақстанның ең бай бизнесмендері арасында көш бастағандар: Вячеслав Ким – 7,1 млрд доллар Тимур Турлов – 5,8 млрд доллар, Владимир Ким – 5,7 млрд доллар

Топ-10 құрамында Тимур және Динара Құлыбаевтар, Болат Өтемұратов, Ибрагимовтар отбасы, Нұрлан Смағұлов, Сәрсеновтер әулеті және Айдын Рахимбаев бар.

Back to top button