Ерекше

Геннадий Головкин бокс Даңқ залына енді

Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокс Даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) қабылданды. Осылайша ол бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық атанды, деп хабарлайды Tizgin.kz kt.kz-ға сілтеме жасап.

ҰЗАҚ УАҚЫТ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ҮЗДІГІ БОЛДЫ

Комитет мәліметінше, Головкиннің Халықаралық Даңқ залына енуі – тек спорттағы жетістіктерінің мойындалғаны ғана емес, әлемдік бокс тарихында өшпес із қалдырған, рингтен тыс әлемдік спорттың дамуына ықпал етіп келе жатқан тұлғаға көрсетілген құрмет. Оның есімі енді әлемдік бокс тарихын жазған үздіктермен қатар аталады. Әр жылдары бұл даңқ залына Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо сынды аңыздар енгізілген.

Айта кетейік, Геннадий Головкин әуесқой рингте де толағай табысқа жетіп, орта салмақта төртжылдықтың басты бәсекесінде жүлде алды. Ол ұзын-саны 350 жекпе-жек өткізіп, соның 345-інде жеңіске жеткен. Біршама жыл Ұлттық құрама көшбасшысы болды.

Кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін Головкин XXI ғасырдағы орта салмақта үстемдік танытқан чемпиондардың біріне айналды. Оның кәсіби мәнсабында 45 жекпе-жек бар, соның 37-сінде ол қарсыласын нокаутқа жіберген. «Pound-for-pound» әлемдік рейтингісінде ұзақ уақыт көш бастап тұрды. Кәсіби мансабында WBA, WBC, IBF, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының беделді белбеуін иеленді.

ГИННЕСТІҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНДА ДА БАР

HBO телеарнасымен келісімшартқа қол қойған соң, Геннадий Головкин премиум контенттің басты жұлдызына айналды. Оның жекпе-жектері көрермен назарын тұрақты түрде өзіне аударып, нокаутқа негізделген әсерлі стилі мен орта салмақтағы айқын басымдығы оны әлемдік аренада ең көп сұранысқа ие боксшылардың бірі етті.

Головкиннің қатарынан тоғыз жыл бойы тіркелген 23 нокауттық жеңіс сериясы сол дивизион тарихындағы ең ұзақ көрсеткіш саналады. Сонымен қатар ол орта салмақта 21 рет чемпиондық атағын сәтті қорғап, рекорд орнатты. Оның 90 пайыздан асатын мерзімінен бұрын жеткен жеңістер Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Бүгінде Геннадий Головкин Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетін және World Boxing федерациясын басқарады. Осылайша халықаралық спорт ұйымына басшылық еткен алғашқы қазақ ретінде жаңа белес бағындырды.

Back to top button