Оралда түрмеге 17 телефонды кіргізу әрекетіне тосқауыл қойылды
ІІМ Ұлттық ұланы 5517 әскери бөлімінің сарбаздары қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлерімен бірлесіп, тыйым салынған заттарды түрмеге өткізу әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ұлттық ұланның мәліметінше, 3 желтоқсанында сағат 17:10 шамасында тексеру тобы өндірістік цехқа ағаш жеткізетін “Нива” маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде “Детектив” атты қызметтік-іздестіру иті көлік брусінде күдікті зат барын меңзегендіктен, сол жер мұқият тексеру қажет болған. Жеке құрам радиотехникалық қондырғыны қолдана отырып, ағашты егжей-тегжейлі тексергенде оның ішінен тыйым салынған заттар табылды.
“Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылып, 17 ұялы телефон, 32 қорап темекі, бейне және аудио жазу функциясы бар қалам, 8 SIM карта және ішінде спецификалық иіске ие өсімдік тектес (каннабис болуы мүмкін) заты бар 7 ZIP пакет салынған 2 қуаттағыш құрылғы (повербанк) тәркіленді. Заңсыз әрекет Ұлттық ұлан әскери қызметшілері тексеру бөлімшесінің бастығы ефрейтор Азамат Тілеу және кинолог — маман ефрейтор Аманай Бақтығалидің кәсібилігі, жеделдігі мен зейінділігінің арқасында тоқтатылды”, – делінген хабарламада.
Осы факті бойынша тексеру жүргізіліп, тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетіне қатысы бар адамдар анықталып жатыр. Қызметімен көзге түскен ұландықтар ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының құқығымен марапатталады.