Инфляцияда өзгеріс болғалы тұр – Ұлттық банк бұған дайын ба
Базалық мөлшерлеме кемінде алты ай көлемінде төмендемейді, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ӨЗГЕРІС НЕМЕН БАЙЛАНЫСТЫ
Қазақстанның Ұлттық банкі 2025-2026 жылдарға арналған инфляция болжамын қайта қарап, жоғарылатты. Ақша-несие саясаты жөніндегі жаңа баяндамасында реттеуші 2025 жылы бағалар 12–13 пайызға өсетінін, ал 2026 жылы 9,5–12,5 пайыз аралығында қымбаттайтынын мәлімдеді. Бұған дейін 9,5-11,5 пайыздық дәліз күтілген еді. Ұлттық банк бұл өзгерісті биылғы инфляцияның жеделдеуімен және халықтың инфляциялық күтулерінің күшеюімен түсіндіреді. 2027 жылға қарай Ұлттық банк инфляция 5,5–7,5 пайызға дейін баяулайды деп болжайды.
«2026 жылға арналған болжам белгісіздіктің күшеюін көрсетеді. Салық реформасы, ҚҚС-тың 16 пайызға дейін өсуі, жанармай нарығын ырықтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы өзгерістер және квазифискалдық ынталандыру экономиканың шығындарын арттырады. Бұл факторлар инфляциялық қысымды күшейтеді. Ұлттық банк 2026 жылдың алғашқы жарты жылдығына дейін базалық мөлшерлемені төмендетуге себеп көріп отырған жоқ», – делінген баяндамада.
ЖАЛАҚЫ ТӨМЕНДЕДІ
2025 жылға арналған ЖІӨ өсімі бойынша болжам да жақсарған – 6-6,5 пайыз. 2026 жылы экономика 3,5-4,5 пайызға өсіп, 2027 жылы 4-5 пайызға дейін жеделдейді деп күтіледі. Өсімнің негізгі драйверлері – квазифискалдық сектор инвестициялары, тұтынушылық сұраныстың қалыпты деңгейі және мұнай өндіру көлемінің артуы. Алайда ірі инвестжобалар үшін қажетті жоғары импорт экономиканың қарқынын тежемек.
Биыл үшінші тоқсанда нақты жалақы 2 пайызға, ал нақты табыс 1,7 пайызға төмендеген. Халықты несиелеу қарқыны әлі де екі таңбалы деңгейде, оның негізгі бөлігін тұтынушылық қарыздар құрайды. Қарашада жылдық инфляция 12,4 пайызға дейін баяулағанымен, азық-түлік пен жанармай бағасы тарапынан қысым сезіледі. Азық-түлік инфляциясы 13,4 пайызға жетті. Ет, май және сусындар бағасы айтарлықтай өскен.
Бұған дейін хабарлағандай, номиналды жалақы өсіп жатқанымен, қазақстандықтардың нақты әл-ауқаты төмендеп барады. Вице-премьер Серік Жұманғарин бұған инфляция әсер етіп отырғанын жеткізген. Оның айтуынша, халықтың шын мәнінде байи бастауы үшін номиналды жалақы инфляциядан 2-3 пайызға тез өсуі тиіс.