3 қарашада теңге долларға шаққанда нығаюын жалғастырып, 502,99 деңгейіне жетті. Сауда күні ішінде ұлттық валюта биржада 4,26 теңгеге күшейді. Сарапшылар мұны ірі шетелдік “ойыншылардың” теңгелік активтерге қызығушылығының артуымен байланыстырады, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
ЭКОНОМИСТЕР НЕ ДЕЙДІ
Сауда сессиясы қорытындысында доллар бағамы 4,26 теңгеге төмендеп, 507,25 теңгеден 502,99 теңгеге түсті. Мұндай жайт 25 қарашадан бері жалғасуда, ол кезде доллар 520,6 теңге тұрған.
Биржада доллардың ең жоғары сатып алу бағасы – 506,7 теңге, ең төменгісі – 502,25 теңге болды. Орташа өлшемді бағам 503,63 теңгені құрады. Сауда көлемі бір күнде 64,5 млн долларға азайып, 342,7 млн долларға дейін түсті. Барлығы 755 мәміле жасалды.
Экономистердің айтуынша, ұлттық валютаның соңғы апталардағы ширақтануы шетелдік алып инвесторлардың алып-сатарлық қызығушылығымен тығыз байланысты. Мәселен, қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев бұл құбылыстың түп негізінде кэрри-трейдинг жатыр деп есептейді.
Кэрри-трейдинг – инвестордың арзан пайызбен қарыз алып, оны жоғары пайыздық мөлшерлемесі бар валютаға салу стратегиясы. Мысалы, АҚШ-та 4% мөлшерлемемен несие алып, Қазақстанның жоғары пайызбен шығарылатын мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестиция салу. Чеботаревтің айтуынша, негізгі қауіп – дәл сол айырбас бағамының күрт өзгеруі.
«Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына резидент болып саналмайтындар инвестициялар табиғаты бойынша өте құбылмалы. Сыртқы не ішкі теріс шоктар оларды жаппай нарықтан шығуға итермелеуі мүмкін. Бұл доллар сұранысының күрт артуына және теңгенің әлсіреуіне әкеледі», – дейді экономист.
“УАҚЫТША ҚҰБЫЛЫС”
Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов та осы пікірді қолдайды. Оның айтуынша, валюта нарығына 1,5-1,6 млн доллардың келуі (Ұлттық банк және шетелдік инвесторлар тарапынан) теңгені нығайтты. Алайда бұл уақытша құбылыс саналатын көрінеді. Қаражат кетсе, бәрі басқаша болуы ықтимал.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы да осыған ұқсас көзқараста. Ондағылардың айтуынша, Ұлттық банктің жоғары көлемдегі интервенциясы – 1,4 млрд доллар. Квазимемлекеттік сектор мен экспорттаушылардың валюта түсімін конвертациялауы, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың теңгелік активтерге қайтадан белсенді қызығушылық танытуы – бизнес пен халықтың доллар сатып алуға деген сұранысын айтарлықтай басып тастаған.