Ерекше

Ақтау порты Еуроодақтан 10 млн еуро грант алмақ

Аталған порт өз инфрақұрылымын жаңғырту үшін Еуроодақ пен Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) ірі көлемде қаржы тартты, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ҚАРАЖАТ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ

ЕО грантын бөлу туралы келісім Ташкентте өткен Транскаспий көлік дәлізі жөніндегі Инвесторлар форумында жүзеге асты. Құжатқа порт атынан оның басшысы Даурен Құтпанбаев қол қойды. Грант сомасы – 10 млн еуро.

Жоба екі қаржыландыру көзін қамтиды: ЕҚДБ-нің 35 млн еуро көлеміндегі несиесі және Еуропалық одақтың 10 млн еуролық қайтарымсыз гранты. Бұл қаражат біртұтас пакет ретінде аралас қаржыландыру тетігі арқылы порттың негізгі нысандарын жедел жаңғыртуға мүмкіндік береді.

ЕО мен ЕҚДБ бірлескен зерттеулерінің қорытындысы бойынша, Ақтау порты Транскаспий бағытының аса маңызды түйіндерінің бірі саналады. Қаржы екі айлақты ұзарту және жаңарту жұмыстарына, сондай-ақ кез келген ауа райында жұмыс істей алатын жаңа крандар сатып алуға бағытталмақ.

ПОРТТЫҢ ОРТА АЗИЯДАҒЫ ЫҚПАЛЫ АРТА МА

Жаңғырту нәтижесінде порт контейнерлік жүктерді бұрынғыдан да көп қабылдап, бір уақытта төрт толық өлшемді кемеге дейін қызмет көрсете алады. Еуропалық одақ Транскаспий дәлізін дамытуға жалпы 10 млрд еуро резервтеп қойған. «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл Қазақстанға порттарды, теміржол желілерін және логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік беріп, елдің Орталық Азиядағы жетекші транзиттік хаб ретіндегі позициясын күшейтеді.

Ақтау порты «Самұрық-Қазына» қоры құрамындағы «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясына тиесілі. Бұған дейін «Курсив» басылымы Ақтауда 300 млн долларлық жаңа теңіз порты салынатынын, жобаның стратегиялық серіктесі ретінде Қытайдың Zhongyun International компаниясы таңдалғанын хабарлаған еді.

 

Back to top button