Газаға мыңдаған Iphone жеткізілді – дүңгіршек алды ұзын-сонар кезек
Қираған анклавқа су жаңа смартфондар жеткізіле бастады деген әңгіме тұрғындар арасында қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігі сілтеме жасап.
ҚОҒАМДА РЕЗОНАНС ТУЫНДАДЫ
Эмираттық The National газетінің дүйсенбі күнгі мәліметінше, Израиль бірнеше ай бойы азық-түлікке, дәрі-дәрмекке және өзге де өмірлік маңызы бар тауарларға қойылған шектеулерден кейін Газа секторына ондаған мың iPhone 17 смартфонының жаппай әкелінуіне рұқсат берген.
Көптеген отбасы әлі күнге дейін шатырларда өмір сүріп, азық-түлік тапшылығына тап болған уақытта, нарықта ең қымбат смартфондардың бірінің пайда болуы қоғамда резонанс туғызды.
Басылым дерегінше, Газа орталығындағы Нусейрат лагерінде телефон дүкендерінің алдында бағасы шамамен 7 мың шекель (шамамен 2,2 мың доллар) тұратын құрылғыны сатып алу үшін ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Сауда нүктелерінің бірінің иесі Мұхаммед Закуль сұраныс әлі де өте жоғары екенін айтады.
Газадағы әр партияда 10 мыңнан астам телефон болады, кейде одан да көп. Мұндай жеткізілімдер ондаған рет қайталанды, – дейді ол.
ЖҰРТ ӘЛІ ТҮСІНБЕЙ ЖАТЫР
Газет атап өткендей, анклав тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмек және құрылыс материалдары тапшылығы сақталып тұрғанына қарамастан, жоғары технологиялы құрылғылардың еш кедергісіз әкелінуіне түсінбей отыр.
Сатып алушылардың бір бөлігі — әлеуметтік белсенділер, кәсіпкерлер, халықаралық ұйым қызметкерлері немесе соғыс ахуалы кезінде қосымша табыс тапқандар.
Дейр-эль-Балах қаласында екі апалы-сіңлілі– Рагад пен Тала ең жаңа iPhone телефонын азық-түлік саудасымен айналысатын әкесінің сыйлағанын айтты. Сыйлықтардың жалпы құны 4,5 мың доллардан асқан. Бірі таң қалса, енді бірі мұның байыбына бара алмай жатыр.
Адамдар біздегі мұндай телефондарды көргенде көз алмай қарайды. Сол сәтте олардың: «Бұл қайдан келді?» деген сұрағын сеземін, – дейді Рагад.
Журналист әрі зерттеуші Хамза аш-Шобаки смартфондардың жаппай әкелінуін алаңдатарлық құбылыс деп санайды.
Израиль дәрі-дәрмек, шатыр, азық-түлік әкелуге тыйым салып отырып, қалайша ондаған мың заманауи смартфонның келуіне рұқсат береді? Бұл – қисынсыз, – деді ол.