Алғабастағы өрттен аман қалған жалғыз бала көз жұмды
30-шы қарашада Алғабастағы жеке тұрғын үйден шыққан өрттен зардап шеккен жеті жастағы Жасмин Талғатбек көз жұмды. Ол осы қайғылы оқиғада ажал құшқан оныншы бала болды, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
БАСҚАРМА МӘЛІМЕТІ
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы Жасминнің ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілгенін хабарлады.
«Науқасқа жедел терапия жүргізіліп, бейінді мамандар кеңесі ұйымдастырылды. Реанимациялық және детоксикациялық шаралардың толық кешені қолданылды. Алайда орталық жүйке жүйесіне түскен ауыр зақымды қайтару мүмкін болмады. Өкінішке қарай, баланы аман алып қалмады», — деп мәлімдеді ведомство.
МӘН-ЖАЙЫ
Басқарма марқұмның туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтты.
Бұған дейін өрт болып, 12 адам көз жұмған үйдің төбесі опырылғаны хабарланған еді. Қайғылы оқиға 18 қараша күні таңертең болған. Ұйықтап жатқан екі отбасының үстіне жанып жатқан үйдің ішкі төбе жабындысы жартылай құлаған.