Теңгенің нығаюы неге тәуелді – Ұлттық банктегілер жауап берді
Қараша айының қорытындысында теңге АҚШ долларына шаққанда 3,3%-ға нығайып, 512,57 теңге деңгейіне жетті, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ҮКІМЕТ БОЛЖАМЫ
Аталған ақпаратпен мұның алдында Ұлттық банк өкілдері бөлісті. Мәлім болғандай, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың күнделікті орташа көлемі ай ішінде 271 млн АҚШ доллардан 280 млн АҚШ долларына өсті. Ай бойғы жалпы сауда көлемі 5,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Қараша айында Ұлттық қордан валюталық сатылымдар 600 млн АҚШ долларын құрап, республикалық бюджетке трансферттер бөлінуін қамтамасыз етті. Ұлттық қордан сатылған валютаның үлесі жалпы сауда көлемінің 10,7%-ын немесе күніне шамамен 30 млн АҚШ долларын құрады.
Үкіметтің алдын ала болжамдарына сәйкес, болжанған фискалдық түсімдерді ескере отырып, желтоқсан айында республикалық бюджетке трансферттерді бөлу үшін Ұлттық банк Ұлттық қордан 400-500 млн АҚШ долларына тең валютаны сатуды жоспарлап отыр.
Қараша айында айна операциялары аясында 475 млрд теңге стерилизацияланды. Желтоқсан айында осы мақсатта теңгеге эквивалентті валюта сатылымы жүргізіледі деп күтілуде.
Ұлттық қор ақшасымен жүргізілетін операциялар мен айна механизмі шеңберінде Ұлттық банк нарықтық бейтараптық принципін сақтайды. Бұл принцип шетел валютасының тұрақты және біркелкі сатылуын қамтамасыз етуді көздейді.
ЖЕЛТОҚСАНДА ВАЛЮТА САТЫП АЛУ ЖОСПАРДА ЖОҚ
Қараша айында Ұлттық банк валюталық интервенцияларды өткізген жоқ. Өткен айда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің міндетті бөлігін сату нормасы шеңберінде валюталық кірістердің сатылым көлемі шамамен 390 млн АҚШ долларын құрады.
Бұрын хабарланған жоспарға сәйкес, БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі 40%-дан асатындықтан, Ұлттық банк қараша айында зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Желтоқсан айында да валюта сатып алу жоспарланбаған.
Транспаренттік принципі аясында Ұлттық банк валюталық нарықта жүргізіліп жатқан операциялар туралы толық ақпаратты жариялауды жалғастыра бермек. Қысқа мерзім ішінде теңге динамикасы нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтағы жағдай және геосаяси ахуалдың өзгерістеріне байланысты болады. Ұлттық банк теңгенің еркін айқындау режимін сақтап, теңсіздікті болдырмай, алтын-валюта резервтерін қорғауды қамтамасыз етеді, – деп хабарлады реттеуші орган.