Алматы облысындағы жерді қытайлықтар алып жатыр ма – әкім жауап берді
Алматы облысы тұрғындары өңірде қытай азаматтары мен шетелдік жұмысшылар санының артуына алаңдаушылық білдіріп, билікке нақты сұрақтар қоя бастады. Әкім Марат Сұлтанғазиевке: өңірде қанша қытай капиталы бар кәсіпорын жұмыс істейді, оларға жер беріле ме, сондай-ақ заңсыз жұмыс күшін бақылау қалай жүргізіледі деген сұрақтар қойылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ РҰҚСАТЫ ЖОҚТАР ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ
Сұлтанғазиев Алматы облысында миграциялық заңбұзушылықтар анықталып жатқанын жасырмады. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар кейде өндірістегі жарақат немесе өрттен кейін белгілі болады. Сонда қызметкерлер арасында еңбек етуге рұқсаты жоқ адамдардың бары анықталады. Әкімнің сөзінше, миграциялық полиция мен құқық қорғау органдары тұрақты рейдтер жүргізеді, алайда барлық құжаты дұрыс, ешқандай арыз-шағым жоқ кәсіпорындар да бар.
«Олар кірген кезде бақылауды күшейтіп, жұмыс барысын цифрландыру қажет. Біз адамның турист ретінде келгенін көре аламыз. Өйткені бізде визасыз режим бар және оның елден шығу мерзімін бақылауымыз керек. Кейбіреулер осы мүмкіндікті теріс пайдалануы мүмкін. Бұл өңір экономикасына да, рұқсатсыз жұмыс істеп жүрген азаматтардың өз қауіпсіздігіне де кері әсер етеді. Кәсіпкерлік шеңберінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деді Сұлтанғазиев.
Әкімнің айтуынша, облыс шетелдік жұмыс күшін есепке алуды цифрландыруды ұсынған. Бұл сақтандыру мен тіркеу барысын автоматтандыруға мүмкіндік береді.
ҚЫТАЙ КАПИТАЛЫ БАР КӘСІПОРЫН НЕШЕУ
Өңірде қытай капиталы бар немесе бірлескен 250-ге жуық компания жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы жерлерінің ішінен тек жалғыз кәсіпорынға 1,5 мың гектар жер бөлінген. Ол жерде мал азығын өсіру және тамшылатып суару жүйелерін орнату жобасы іске асырылуда. Әкімнің айтуынша, басқа компанияларға ауыл шаруашылығы жерлері берілмеген.
Сұлтанғазиев қалған жобаНың барлығы ауыл шаруашылығы жерін беру шараларына қатысы жоқ коммерциялық нысандар мен индустриалды алаңдар екенін атап өтті.
Облыс басшысы «Қайрат» индустриалды аймағында түрлі елдің, соның ішінде Қытайдың да кәсіпорындары жұмыс істейтінін алға тартты. Жер бөлу туралы шешім инвестиция көлеміне, ашылатын жұмыс орындарына және өңір экономикасына нақты пайдасы ескеріле отырып қабылданады.