Бір палаталы Парламентті кім басқарады – Әшімбаев жауап берді
Осы сұраққа пікір білдірген Сенат спикері қазір ең әуелі басқа өзекті тақырыптарға назар аударып отырғанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
СЕНАТТЫҢ БИЫЛҒЫ МАҚСАТЫ НЕ
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бір палаталы Парламентті кім басқаратыны туралы айтудың әзірге ерте екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, алдыда әлі бірнеше жыл бар, сондықтан қандай да бір болжам жасауға әлі негіз жоқ. Бұл пікірін ол болашақ бір палаталы Парламенттің басшысы лауазымына өзі үміткер бола ма деген сұраққа жауап бергенде айтты.
“Қазір бірдеңе деп болжам айтуға әлі ерте деп ойлаймын. Қазір алдымызда қордаланған міндеттерге назар аударып отырмын. Біздің биылғы мақсатымыз сол, қазір айтып отырған маңызды заңдарды қабылдау. Бұл расымен де зор жауапкершілік. Осы заңдар үшін біз жауап береміз. Сондықтан мұндай әңгімелерді алыпқашпа сөздер деп санаймын. Қалған бір айда ең маңызды заңдарды қабылдап үлгеруге күш салып отырмын”, – деді Әшімбаев Сенаттағы брифингте.
Ол сондай-ақ парламент ашық екенін жеткізді. Ұсыныстар келіп түссе, олар міндетті түрде қаралатынын, бірақ қазіргі басымдық – қолдағы заң жобаларын пысықтап, қабылдау екенін атап өтті.