Ерекше

Қорғаныс министрлігінің “үнемшілдігінен” мемлекет 150 млн теңгеден айырылды

«Абай» тігін фабрикасының директоры Нұрхан Жұмабеков Қазақстандағы мемлекеттік сатып алулардың ашықтығына арналған сараптамалық пікірталаста Қорғаныс министрлігіне арналған төсек жаймасын сатып алу кезінде мемлекет 150 миллион теңгеден қалай айырылғанын айтып берді. Оның сөзінше, ведомство бір жайма үшін бағасы 100 теңгеге төмен компанияны таңдағанымен, ел бюджеті салық түрінде бес есе көп қаражат жоғалтқан, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ЖҰМАБЕКОВ НЕ ДЕЙДІ

Өнімнің «көлеңкелі импорты» туралы айта отырып, Жұмабеков мақта өсіруден бастап, дайын өнім тігуге дейінгі толық циклды қамтитын елдегі жалғыз кәсіпорын Azala тоқыма комбинатын мысал етті.

«Қорғаныс министрлігіне арналған 100 мың дана төсек жаймасы деп нақты жағдайды мысал еттік. Azala тендерден әр өнімге бар болғаны 100 теңге айырмашылықпен жеңіліп қалды. Министрлік 30 млн теңге үнемдедік деп есеп берді. Бірақ біз салықтарды, жалақыны, әлеуметтік төлемдерді есептегенде, шын мәнінде мемлекет осы сатып алу арқылы 150 млн теңге жоғалтқаны белгілі болды», – деді Жұмабеков.

Маманның айтуынша, тендерде жеңімпаз атанған компания отандық өндіруші болмауы мүмкін немесе шикізатты шетелден алуы кәдік.

МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ СЕНІМНЕН КЕТТІ МЕ

Пікірталаста сондай-ақ 2025 жылдың қазанында Demoscope жүргізген 1 100 респондент қатысқан сауалнама нәтижелері ұсынылды. Зерттеу мемлекеттік сатып алуларға, бюджет бақылауына және «Халықтың қатысу бюджетін» қабылдау деңгейіне арналды.

Нәтижелерге сәйкес, азаматтар мемлекеттік сатып алу жүйесін жабық деп санайды. Респонденттердің 31,9 %-ы негізгі мәселе ретінде жемқорлық пен «өз адамын» тарту тәжірибесін атаған. Екінші орында – қоғамдық бақылаудың жоқтығы (22,3%), үшінші орында – ақпаратқа қол жеткізудің қиындығы (20,2%).

Бюджет шығындарын кім бақылай алады деген сұраққа жауап бергендердің 29,6 %-ы ешкімге сенбейтінін айтты. 22,4 %-ы қоғамдық ұйымдар мен белсенділерге сенетінін жеткізді. Мемлекеттік бақылау органдарына сенім білдіргендер – 13,1 %, ал журналистер мен БАҚ-қа сенетіндер – 11,9 % ғана.

САУАЛНАМА ҚОРЫТЫНДЫСЫ ҚАНДАЙ

Сонымен қатар, сұраққа жауап бергендердің басым бөлігі – 80,7 %-ы жергілікті бюджеттердің бір бөлігін бөлуге азаматтардың қатысуына мүмкіндік беретін «Халықтың қатысу бюджеті» бағдарламасы туралы ешқашан естімеген. 13,2 % бұл бағдарламаны естігенін, бірақ қалай жұмыс істейтінін білмейтінін айтса, 4,4 % тек үстірт ақпаратқа ие. Ал оны нақты білетіндер – небәрі 1,7 %.

Респонденттердің 41,5 %-ы бюджет шығындары туралы ақпарат мүлде қолжетімсіз немесе өте шектеулі деп есептейді. Тағы 28,3 %-ы деректер бар, бірақ түсінуге тым күрделі екенін айтқан. 19,2%-ы бұл тақырыпқа мүлде қызықпайтынын жеткізсе, тек 7,5 %-ы ғана ақпарат жеткілікті әрі түсінікті деп санайды.

Back to top button