ЕрекшеҚоғам

Дәрігерлерге қарсы қылмыс жасағандар 12 жылға дейін сотталады

Мәжілістің жалпы отырысында дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін қорғауға арналған заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz 

Заң жобасын талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мұндай әрекеттер үшін жазаны қатаңдатуды бірнеше рет тапсырғанын есіне салды. Айтуынша, қылмыстық кодексте дәл осылай, ерекше мәртебемен қорғалатын бірқатар мамандық бар. Олардың қатарында полицейлер, құтқарушылар, арнайы қызмет және құқық қорғау органдарының қызметкерлері (380-1-бап), судьялар мен сот қызметкерлері, прокурорлар, әкімдер, депутаттар, салық инспекторлары тағы басқа (380-бап) билік өкілдері бар.

“Ал енді келесі қолданыстағы нормаға ерекше назар аударсақ — бұл қорықшылар мен жануарлар инспекторларын қорғауға арналған жеке бап (380-2-бап). Егер қорықшының денсаулығына зақым келтірсе, қылмыскер арнайы бап бойынша қазіргі уақытта қатаң жазаланады — ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Иә, бұл әділетті шешім. Ал егер адамның өмірін арашалап жатқан реаниматолог-дәрігерді соққыға жықса, бұл жай ғана даладағы бұзақылық сияқты жалпы негізде тергеледі. Бұл әділетті ме? Бүгінде жауапкершілік тым жеңіл. Бұзақы кішігірім айппұлын төлеп, жайбарақат жүре береді. Сондықтан дәрігерлерді қорғау үшін ұсынған арнайы баптың диспозициясын, санкцияларын және құрылымын егерьлерді қорғайтын баптағыдай қылып, тіпті сөзбе-сөз бердік, — дейді депутат.

Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаттары адамдардың өмірін құтқаратын ақ халатты жандарға да дәл қорықшыларға берілгендей қорғау мен жауапкершілік тетіктерін енгізуді ұсынды. 

Еске салсақ, биыл жазда Қостанайда дәрігерді соққыға жыққан бұзақы екі айға қамауға алынды. 

Сонымен қатар, маусым айында Қарағанды облысында ер адам екі дәрігерді соққыға жыққаны мәлім болды.

Back to top button