ЕрекшеСараптама

Сарандағы серпіліс: Тарихы терең қала өрлеудің жаңа белесіне көтерілді

Жетпіс жылдан астам тарихы бар Саран – бұл күнде қайта түлеген қала. Бір уақыттарда өндіріс оты маздап жанып, мыңдаған тағдырдың несібесіне айналған шаһардың тоқсаныншы жылдардың тоқырауында еңсесі түскендей болған. Алайда уақыт қанша сынға салса да, Саранның рухы сынбапты – қайта жаңғырып, жаңа дәуірге бет алғаны көзге жылы ұшырайды.

Tizgin.kz қаланың бүгінгі тынысын, өзгерістерін өз көзімен көру үшін бұл жолы Саранға арнайы ат басын бұрды. Өткеннің жүдеу естеліктері енді басталған игіліктерге орын беріп, дәл қазір Саранның әр көшесінде жаңа бір тыныс, жаңа қозғалыс сезіледі.

 Саран – Сарыарқаның жүрегінде, Қарағандының қақ төрінде орналасқан қала. Облыс орталығынан небәрі 16 шақырым жерде орналасқан. Қала аумағы – 161 шаршы шақырым. Бірақ бұл сандардың ар жағында өмірдің өз үні жатыр: 43,5 мың тұрғын, 70-тен астам этнос, 7 конфессия, 9 діни бірлестік, 11 кәсіподақ, 17 үкіметтік емес ұйым бар. Қазағы 28,03%, орысы 47,91%, басқа этностары 24,1%. Бәрі бір аспанның астында жарасып өмір сүріп жатыр.

Саранға келген адам бұл қаланың көңіл күйін бірден сезеді: бір жағында – өндірістің бұрқ-сарқ еткен дауысы, екінші жағында – жайлы тыныштық, ортасында бірлігі жарасқан халық күнделікті өмірін кешіп жатыр. Жұрттың еңбекшіл рухы әлі де сол қалпында. Тоқыраудан өткен қаланың қайта жанданып, екінші тынысы ашыла бастағаны байқалады.

ӨРКЕН ЖАЙҒАН ӨНДІРІС

Саранның бүгінгі даму даңғылын түсіну үшін оның экономикасына көз жүгірту керек. Бір кездері бұл қалада Қазақстанның ең үлкен резеңке зауыты болған. Мемлекет моноқалаларды дамыта бастаған тұста Саранның өндіріс алаңдары қайта түледі. Қазір Саран – нағыз индустриялық аймақ, Қарағанды облысының өндірістік жүрегіне айналып келе жатқан орталық.

Қалада 65 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, ескіден келе жатқан екі шахта (Саран және Құзымбаев) – өңірдің еңбек дәстүрін жалғастырып тұрған ірі нысандар. Халықтың төрттен бірі өнеркәсіп саласында еңбек етеді.

2025 жылы жалпы құны 318 млрд теңгеден асатын алты ірі инвестициялық жобаның іске асырылып жатқаны – Саранның даму бағытының айқын дәлелі. Бұл жобалар толық қуатына шыққанда қалада 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылады. Өндіріс ошағы көбейген сайын Саранның демографиясы, әлеуметтік жағдайы да бірге жақсарып келеді.

Қаланың жаңа тынысына айналған негізгі кәсіпорындарын қысқаша шолып шықсақ:

Tengri Tyres – Қазақстандағы алғашқы толық циклді шина зауыты

Бұл кәсіпорын – Саранның қайта өрлеуінің символына айналған жоба. Мұнда автомобиль шиналары толық циклде өндіріледі, яғни шикізаттан дайын өнімге дейінгі барлық процес жолға қойылған.

Attar брендті дөңгелектер ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да бағытталған.

Silk Road Electronics – «Samsung» және «Artel» брендімен техника өндіретін алып платформа

Бұл зауытта тоңазытқыш, пеш, теледидар сияқты тұрмыстық техниканың 7 түрі шығарылады. Әлемдік Samsung брендімен бірлескен жоба Саранды Қазақстандағы электроника өндірісінің орталығына айналдырып отыр.

Мұнда ашылған жаңа теледидар желісі – халықаралық компаниялардың қалаға деген сенімінің белгісі. Жүздеген жас маман осында тұрақты жұмыс тапқан.

Ыстық мырыштау зауыты – метал бұйымдарын ұзаққа шыдайтын деңгейде қорғау орталығы

Құны 6,2 млрд теңге болатын бұл зауыт жылына 50 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Үлкен инфрақұрылымдық жобаларда қолданылатын метал бұйымдарын тоттан қорғауда сұранысы жоғары. Мұнда 115 адам тұрақты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорын аймақтың металлургиялық әлеуетін күшейтіп тұр.

ТЭМПО–Қазақстан – тігіссіз болат құбырлар шығаратын стратегиялық жоба

Құны 20 млрд теңгелік зауыт – Саранның өндірістік картадағы тағы бір ірі нүктесі. Электрдәнекерленген, жоғары сапалы құбырлар шығаратын кәсіпорын мұнай-газ саласы, құрылыс және ауыр өнеркәсіп үшін маңызды. 400-ден астам жұмыс орны қаладағы еңбек нарығына қуатты серпін берді.

QazTehna – Қазақстандағы автобустар мен коммерциялық көліктердің жетекші өндірушісі

Жыл сайын 1500-ден астам техника бірлігімен, заманауи технологиямен және локализацияның жоғары деңгейімен компания қазақстандық автомобиль өнеркәсібінің болашағын құрып жатыр.

Мұнда қазір бүкіл республикада жүрген автобустар жасалады. Келешекте HOWO жүк көліктерін де шығару жоспарда бар.

КарЗТФ – полиэтилен құбырлары мен фитингтер өндірісі

Инфрақұрылымдық жобалар үшін өте қажет өнімдер шығаратын бұл кәсіпорынның инвестиция көлемі 2,5 млрд теңге. 126 жұмыс орны құрылған. Өнімдері су және жылу жүйелеріне кеңінен қолданылып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайтқан.

Karaganda Insulation – базальт талшығынан жылу оқшаулағыш материалдарын шығарады

Құны 55 млрд теңге болатын бұл зауыт – өңірдегі ең ірі өндірістердің бірі. Базальт негізіндегі жылу оқшаулағыш материалдар – құрылыс саласында ең сұранысқа ие өнім. Қалаға 250 жұмыс орны, жоғары технология, жаңа мамандықтар алып келді.

Great Sky – металл өңдеу мен соғу зауыты

Құны 38,2 млрд теңге, 400 жұмыс орны бар бұл кәсіпорын техникалық өндіріс саласын жаңа деңгейге көтеруі ықтимал. Әсіресе машина жасау секторына қажет бөлшектерді шығаруда үлкен мүмкіндіктер береді.

OptimTech базасындағы шағын индустриалды аймақ

Жалпы аумағы 30 мың шаршы метр болатын локализация орталығы – Саранның шағын және орта бизнесін қолдаудың жаңа моделі. Мұнда тұрмыстық техника құрастыруға арналған алаңдар жасалуда. Инвестиция көлемі – 10,5 млрд теңге. Бұл бастама жергілікті кәсіпкерлерге жаңа нарық ашады.

 ЖАСТАР ТҰРАҚТАЙТЫН ҚАЛА

Саранның дамуы бір ғана өндіріс ошақтарымен шектелмейді. Қалаға аяқ басқан сәттен-ақ мұнда коммуналдық саланың да, әлеуметтік инфрақұрылымның да жүйелі түрде дамып жатқаны байқалады.

Қала бүгінде жүздеген көпқабатты үйді, ондаған әлеуметтік нысанды орталық қазандықтан үздіксіз жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қуаты 100 Гкал болатын бұл қазандық – Саранның ұзақ қысына қалқан, тұрғындардың көңіліне сенім сыйлайтын нысан. Былтыр Саранда жылу мәселесіне байланысты жұрт шағым білдіріп, бұрынғы әкімі сол үшін қызметінен кеткен еді. Мәселе жаңа әкім Дарын Бұлқайыр қызметке келгеннен кейін реттелген. Бұрын әр үй жеке-жеке жылынса, қазір Саран бірінші рет толыққанды орталық жылу жүйесімен қысқа кірді.

Қала тұрғындарын 100% орталық сумен қамту үшін екі ірі жоба жүзеге асып жатыр. Оның бірі – су құбырлары желілерін толық реконструкциялау, екіншісі – көлемі 10 000 м³ болатын екі су қоймасының құрылысы. Бұл – тек инженерлік жұмыс емес, Саранның өмір сапасын жаңа деңгейге шығаратын стратегиялық шешім.

Ал ең күрделі бағыт – кәріз жүйесін жаңарту. 35,5 шақырымды құрайтын құбырлар ауыстырылып, ескірген коллекторлар қайта қалпына келтіріліп жатыр. Әсіресе Горняк шағын ауданындағы жұмыстар – көп жылдық мәселенің шешімі.

«Саран қалалық ауруханасы» бүгінде қаланың ғана емес, Ақтас кентінің де тұрғындарына қызмет көрсететін толыққанды медициналық кешенге айналған. Поликлиника ауысымына 586 адамды қабылдай алады – бұл жоспардан әлдеқайда көп. Стационарда 71 төсек, күндізгі бөлімде 33 төсек, ал жалпы қалада 425 медицина қызметкері бар.

Қалада 2149 мүмкіндігі шектеулі азамат бар, оның 553-і – арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында. Бұл орталықтың қызметі жыл сайын күшейіп келеді, алдағы уақытта жеке инвесторлардың қолдауымен жаңа оңалту орталығын ашу жоспарланған.

Саранда мемлекет бөлген пәтерлерде тұрып жатқан пәтерлерге кіріп шықтық. Үй алған отбасылардың қуанышында шек жоқ. Бәрі де қала басшылығына алғыс айтады.

Қалада 9 мектеп, 10 балабақша және үш қосымша білім беру орталығы жұмыс істейді. Бірақ ең маңыздысы – екі колледждің дамуы. Оның бірі – 103 жылдық тарихы бар Абай Құнанбайұлы атындағы жоғары гуманитарлық-техникалық колледж (103 жыл тарих). Экономика, білім беру, ІТ, қызмет көрсету салалары бойынша білікті маман дайындайды. Екіншісі – Саран техникалық колледжі. Автокөлік сервисі, электромеханика, тігін ісі, дәнекерлеу, тамақтандыру сияқты салалар бойынша кадр дайындайды.

Ең маңыздысы – бұл колледж студенттері басқа қалаға кеткісі келмейді. Жастардың басым бөлігі оқуын бітірген соң Саранда жұмыс табады. Зауыттармен жасалған келісімдер бойынша студенттер бірден тұрақты жалақысы бар жұмысқа орналасады.

Жастар демекші, қалада 14-35 жас аралығындағы 11 447 жас азамат тұрады екен. Бұл – бүкіл халықтың 26,1%-ы. Демек, Саран – жас қала. Қаланың жастарын белсенді жұмысқа Саран қаласының Жастар ресурстық орталығы әрдайым біріктіріп келеді.

Әсіресе жыл сайын өтетін «Жасыл ел» бағдарламасы қала өміріне ерекше рең береді. Биыл 220 жас қала көшелерін көгалдандырып, айналаны тазартуға атсалысқан.

Саранда 8 мәдениет нысаны бар: Саран мен Ақтас кентіндегі екі Мәдениет үйі, Тілдерді дамыту орталығы және бес кітапхана қаланың рухани орталығына айналған. 49 клубтық құрылымда 1200-ден астам адам тұрақты түрде өнер мен шығармашылықпен айналысады.

Спортқа жақын, жастарына сенетін, денсаулығы мықты қалалардың бірі де осы –Саран. Қалада 107 спорт нысаны, 120 спорт секциясы, Олимпиадалық резерв мектебі мен заманауи спорт орталығы жұмыс істейді. Бұл – өңір үшін өте жоғары көрсеткіш.

ҚАЛА ӘКІМІ ДАРЫН БҰЛҚАЙЫРМЕН СҰХБАТ

Қала әкімі Дарын Бұлқайырдан қаланың тыныс-тіршілігі жайлы сұрауға ниеттенген едік. Әкім сұхбат беруге бірден келісті.

– Дарын Бейбітұлы, Саранның индустриялық аймақ болуы қаланың өсіп-өркендеуіне қаншалықты септігін тигізіп жатыр? Индустриялық аймақ болмаған Саранның болған Сараннан айырмашылығы неде?

– Саран 1954 жылы құрылып, қала мәртебесін алған. Сол кезде бұл жерде Қазақстандағы ең үлкен резеңке зауыты болған. Тоқсаныншы жылдары мұның бәрі құлдырады, зауыттар жабылды. Ал қазір Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен Саранда индустриялық аймақ ашылғаннан кейін ашылған жаңа зауыттардың арқасында мұндағы халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі жақсара бастады. Кезінде жұмыссыздық деңгейі 5% болса, индустриялық аймақ ашылғалы бұл көрсеткіш 3,2%-ға түсті. Қазір бұл жағынан республикалық деңгейден төменбіз. Біздің екі колледждің өзінде студент саны көбейіп келеді. Біздің балалар қазір сыртқа, басқа қалаға барып оқымайды. Мамандықты осы жақтан игереді. Біз сол жастарды жұмыспен қамту жағынан Сарандағы зауыттардың басшылығымен келісіп қойдық. Студенттер оқуын бітіреді де, зауытқа барады.

Кейінгі төрт жылда біздің қалаға салынған инвестиция көлемі 300 млрд теңгеден асты. Ол – 20 жылдық тарихта болмаған рекорд. Қазір көптеген өндірістер ашылып жатыр. Инфрақұрылым, адамдарға жағдай жасау, жұмыс орындарын ашуда септігі тиіп, оң нәтиже берді.

– Индустриялық аймақта қазір зауыттар ашылып, жұмыс істеп жатыр. Олар салық төлеуші ретінде осы Саран қаласына тіркеліп жатыр ма? Қаланың бюджеті соның есебінен қаншалықты толығып келеді?

– Әрине, осында ашылған зауыт-фабрикалар Саран қаласына тіркелген заңды тұлға болып саналады. Әлеуметтік, табыс, жеке және кооперативті салықтарының бәрі қала бюджетіне түседі. Десе де, қаражат бюджетке түскенімен, ол қаланың жағдайын жақсартуға жұмсалатын ақша. Сондықтан иә, шина шығаратын Tengri Tyres зауыты, Samsung пен Artel компаниясының бірлесіп Silk Road-та тұрмыстық техника шығарып жатқан өндірісі – бәрі Саранға тіркелген. Барлық қалада Саранда құрастырылған автобустар жүреді. KazTechno сонымен бірге енді HOWO жүк көліктерін шығаруға бет бұра бастады. Құбыр шығаратын TEMPO компаниясы да осында тіркелген. Сым шығаратын, оптикалық талшық (оптоволокно) жасайтын бұрыннан келе жатқан зауыттар бар. Біздің бірінші талабымыз – қалаға тіркелу, студенттер мен халықты жұмыспен қамту.

Бұрын бір жұмыс орнына 4–5 адам үміткер болса, қазір бір жұмыс орнына 4-5 вакансия бар. Яғни, қай жұмысқа барса да, азаматтарда қазір таңдау бар. Бұрынғыдай кезек емес, керісінше адам күтіп тұрған жұмыс орындары көп.

– Сонда Саранды қазір дотациялық қала деп айта алмаймыз ғой?

– Қазір Саран өзін-өзі қамтып отыр. Оған қоса біз облыс бюджетіне де кішігірім донормыз.  Бәрі де экономиканы әртараптандырудың арқасы. 

Саран моноқалалар қатарынан шығып, облыстық маңызы бар қалаға айналды. Әйткенмен, облыстық және республикалық бюджеттен трансферттер беріледі. Бір қаланың бюджетімен бәрін жабу мүмкін емес. Облыс басшысының да Саранға деген көзқарасы өте жақсы. Себебі бұл – дамып келе жатқан қала.

– Былтыр Саранда жылу мәселесіне байланысты үлкен шу болып, әкім қызметінен кеткен еді. Сіз әкім болып келгелі сол мәселені реттей алдыңыз ба? Қала қыстан жақсы шығады деп айта аласыз ба?

– Иә, ондай ақау болды. Бірақ алдыңғы жылдардағы жағдайлар есепке алынып, барлық ақаулар жойылды. Қазандық толық штаттық режимге қойылды. Бұрын қала жеке қазандықтармен жылытылса, енді орталық жылумен қамтамасыз етілген. Жалпы 300 көпқабатты тұрғын үйдің 285-і орталық жылуға қосылған. Саран орталық жылытумен кіріп отырған бірінші қыс – дәл осы жыл.

Қыстан аман шығамыз ба деген сұраққа келсек, техникалық жағынан қазандықтар да, құбырлар да толық дайын деп айта аламын.

– Тағы бір мәселе — жол мәселесі. Халық тек Саранда емес, барлық аймақта осыған шағымданады. Бұл мәселені қалай реттеп жатырсыз?

– Иә, ондай сын бар. Ол — орынды сын. Жол жөндеу жұмыстарының басталуына дейін міндетті түрде оның астындағы инфрақұрылымды жөндеу керек. Асфальтты бүгін-ақ төсей салуға болады, бірақ ертең құбыр үшін қайта қазуға тура келеді.

Қазір қалада ауызсумен қамтамасыз ету үшін барлық су құбырлары ауыстырылып жатыр. Жалпы ұзындығы 35 шақырым болатын кәріз жүйесін жөндеу басталып кетті. Мердігер бар. Жылу құбырларын биыл жазда толық ауыстырдық – халық көрді. Онсыз болмайды. Алдымен кәріз бен жылу жүйесін реттеп, екі жылда толық инфрақұрылымды жаңартып, содан кейін ғана жолдарға күрделі жөндеу жүргізу жоспарда бар. Қазір орташа жөндеумен шектеліп отырмыз.

– Саранға кіргенде үйлердің сыртына бірыңғай аппақ қоршаулар қойылғанын байқадық. Бұл эстетикалық тұрғыдан жақсы көрінеді. Мұны әкімдік жергілікті бюджеттен жасатып берді ме?

– Иә, бұл қалалық бюджет есебінен жасалды. Адам үйіне кіргенде есіктен бастап тазалық пен әдемілікті көргісі келеді ғой. Қалаға кіргенде де дәл сондай әсер қалдыруға тырыстық. Сол себепті қоршаулар орнаттық. Қазір үйлердің қасбеттерін де реттеп жатырмыз.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Саран – тоқыраған қала туралы ескі түсінікті түбегейлі бұзған өңір. Бүгінде бұл шаһар жаңарған өндірісімен, жаңғырған инфрақұрылымымен, қаладан кетпейтін жастары бар әлеуетімен өзгелерге үлгі болып отыр. Біз көрген Саран коммуналдық жүйесі реттеліп, жаңа зауыттары іске қосылып, мәдени-спорттық өмірі жанданған Саран – болашағы айқын, қарқыны қатты қалаға айналып келеді.

Back to top button