ЕрекшеЖаңалықтар

КТК терминалын тағы да дрондар шабуылдады

Новороссийск маңында Каспий құбыр консорциумы (КТК) теңіз терминалының әкімшілік ғимараты дрон соққысынан зақымданды, деп хабарлайды Tizgin.kz КТК-ға сілтеме жасап.

ОПЕРАЦИЯЛАР УАҚЫТША ТОҚТАТЫЛДЫ

Бүлінген ғимарат Южная Озереевка ауылында орналасқан. Осы жерден Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесінің Ресей мен Қазақстан аумағындағы барлық жұмысы қадағаланады.

«Зардап шеккендер жоқ. Қала бойынша “Ұшқышсыз аппарат қаупі” дабылы жарияланған бойда персонал дереу қауіпсіз орындарға эвакуацияланды», – делінген хабарламада.

Оқиға салдарынан айлақтық құрылғылардағы жүк операциялары уақытша тоқтатылды.

Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев түнгі дрон шабуылын соңғы уақыттағы «ең ұзақ әрі ең ауқымды» соққылардың бірі деп атады. Оның айтуынша, зардап шеккендер бар, тұрғын үйлер де бүлінген, – делінген ақпаратта.

БҰЛ АЛҒАШҚЫ ШАБУЫЛ ЕМЕС

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 24 қыркүйекте Новороссийскідегі КТК теңіз терминалының қалалық кеңсесі де дрон соққысына ұшыраған еді.
Бұдан бұрын, 2025 жылғы 17 ақпанда Каспий Құбыр Консорциумының ең ірі нысаны – «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына бірінен соң бірі жеті дронмен жасалған шабуыл тіркелген. Шабуыл тек нысан жұмысын тоқтату емес, станция персоналы арасында адам шығынын тудыру қаупін де туғызды. Қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін «Кропоткинская» станциясы 2025 жылдың мамырында қайта іске қосылды.

Back to top button