Сауалнама: қазақстандықтар ҚҚС көтерілсе, жағдай нашарлайды деп қауіптенеді
Азаматтардың көпшілігі қосымша құн салығының көтерілуінен бәрінен бұрын мемлекет (63,8%) және халықтың бай топтары (27,9%) ұтады деп есептейді, деп хабарлайды Tizgin.kz Demoscope-қа сілтеме жасап.
КОДЕКСКЕ КӨЗҚАРАС
4-13 қараша аралығында аралықта Demoscope ел азаматтары арасында «Қазақстандағы салық реформасын сезіну» тақырыбында сауалнама жүргізді. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Paperlab Research Center зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді, бұл құжатта шағын және орта бизнеске ҚҚС мөлшерін 12%-тен 16%-ке көтеру көзделген. Demoscope сауалнамасының нәтижесі қоғам жаңа салық реформасын айтарлықтай күмәнмен қабылдағанын көрсетіп отыр, – делінген ақпаратта.
Респонденттердің көпшілігі (жалпы 61,4%) салықтың көтерілуі өмір сүру сапасына кері әсер ететініне сенімді. Соның ішінде 32,4%-і салықтың көтерілуі өмір сүру деңгейін айтарлықтай нашарлатады деп санаса, 29%-і нашарлайды, бірақ қатты емес дейді.
Үкімет ҚҚС мөлшерін көтеру себебін экономиканы тұрақтандыру және әлеуметтік шығындарды жабу мақсатында бюджетке түсетін түсімді арттыру қажеттігімен түсіндіреді. Алайда сауалнама нәтижесі азаматтардың көпшілігі мұнымен келіспейтінін көрсетіп отыр.
РЕФОРМА ӨЗГЕРІС ӘКЕЛЕ МЕ
Керісінше, респонденттер ҚҚС көтерілуі нәтижесінде:
- Тауар мен қызмет бағасы қымбаттайды (65,5%)
- Орта және шағын бизнес субъектілерінің саны қысқарады (27,3%)
- Жұмыссыздық артады (26,5%)
- Көлеңкелі экономика мен салықтан жалтару күшейеді (19,6%) деп санайды.
Дегенмен, респонденттердің бір бөлігі оң әсер туралы да айтты. Олардың ойынша, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімі артады (18,2%) және азаматтардың өмір сүру деңгейі көтеріледі (9,4%). Респонденттердің 12,6%-і реформа ешқандай өзгеріске алып келмейді деп санайды. Бұл сұрақта үш нұсқаға дейін таңдауға мүмкіндік берілді.
Салық реформасының көп сыналып жүрген ықтимал салдарының бірі шағын және орта бизнестің (ШОБ) жағдайы нашарлайды деген тұжырым. Сауалнама кезінде респонденттерге ҚҚС көтерілуі бизнес сектордың жағдайына қалай әсер ететінін бағалау туралы сұрақ қойылды. Көпшілігі (63,6%) кері әсер ететініне сенімді. 14,8%-і еш әсер етпейді десе, 10,3%-і оң әсер етеді деп ойлайды, – делінген мәліметте.
ШОБ үшін кері салдарын болжау салық реформасын жалпы бағалаумен сәйкес келеді. Қазақстандықтардың жартысынан астамы (52,8%) ҚҚС көтеру деген идеяның өзіне теріс қарайтынын көрсетті, 33,4%-і бейтарап қараса, тек 7,8%-і ғана ҚҚС көтерілуін оң бағалаған.
БҰДАН КІМ ҰТАДЫ, КІМГЕ ТИІМСІЗ
Зерттеуге сәйкес, азаматтардың көпшілігі ҚҚС көтерілуінен бәрінен бұрын мемлекет (63,8%) және халықтың бай топтары (27,9%) ұтады деп есептейді.
Сонымен бірге, кей қазақстандықтардың ойынша, реформадан бизнес (10,2%), орта тап (3,3%) және халықтың осал топтары (2%) ұтады. Әр бесінші респондент (19,2%) реформадан ешкім ұтпайтынына сенімді болса, 2,4%-і барлығы ұтады деп санайды. Респонденттердің жалпы 55%-і мемлекетке сенбейтінін көрсетті. Оның ішінде, 41,6% сенбесе, 14,6%-і сенбейтін шығармын дейді. Ал 32,5%, керісінше, мемлекетке сенеді: 22,5% сенетін сияқтымын десе, 12,7%-і толық сенеді.
ТҮЙІН НЕ
Сауалнама қазақстандықтардың жартысы (47,5%) Қазақстанның жаңа Салық кодексі туралы бірінші рет естіп отырғанын көрсетті, ал сарапшылар бұл құжаттың бүкіл халыққа қатысы бар деп санайды. Сонымен бірге, респонденттердің үштен бірі (34,9%) жаңа Салық кодексі туралы бірдеңе естігенімен, егжей-тегжейін біле бермейді. 17%-ы әжептәуір хабардар. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер мен бизнесмендер арасында жаңа құжат туралы білетіндердің шамасы айтарлықтай жоғары – жалпы 69,6%.
DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижесі қоғам көбінесе салық реформасына күмәнмен қабылдайтынын көрсетіп отыр. Көпшілік реформа экономиканың стратегиялық маңызды секторы – кәсіпкерлер мен бизнес иелеріне қысым жасайды деп санайды.