ЕрекшеЖаңалықтар

Астана мен Ашхабад келісімі: Тоқаев пен Бердімұхамедов келіссөзі қалай өтті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Күні кеше Түрікменстан президентін Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі әуежайдан қарсы алған. Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Энергетика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, IT, білім беру және медицина салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға баса назар аударылды.

“Қазақ пен түрікмен – ежелден достығы жарасқан туыс халықтар. Біздің тарихымыз және мақсат-мұратымыз – ортақ, мәдени-рухани құндылықтарымыз – бір. Біз Түрікменстанмен ынтымақтастықты тату көршілік және өзара қолдау рухында барынша нығайтуға айрықша мән береміз. Жарқын болашаққа бірге қадам басу үшін күш жұмылдырамыз. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін стратегиялық серіктестікті нығайта түсеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті екі ел арасында барлық деңгейде белсенді әрі табысты байланыс орнағанын атап өтті. Үкіметтеріміз жүйелі жұмыс жүргізіп, ведомствоаралық байланыс нығайып келеді. Елдеріміз көпжақты құрылымдар аясында нәтижелі қарым-қатынас жасайды. Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Ашхабадтың өңірлік, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша көзқарастары мен ұстанымдары ұқсас.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпалдастыққа айрықша назар аударды. Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға дейін ұлғайды. Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 миллион доллардан асты. Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстың даму қарқынына тоқталды. Президент екі елдің мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, көрнекті қайраткерлердің ескерткіштерін ашу шаралары қос халықтың мәдени-рухани мұрасына айтарлықтай үлес қосады деп санайды.

Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес мемлекеттер деп атады.

“Мемлекеттерімізді ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, көзіміздің қарашығындай сақтап келе жатқан ортақ тарихи тамырластық, мәдени-рухани ұқсастық, салт-дәстүріміздің жақындығы секілді құндылықтар біріктіреді. Саяси-дипломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ, – деді Түрікменстан президенті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің елімізге сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, достық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жаңа тұрпаттағы беделді саяси қайраткер, Түрікменстанның мемлекеттілігін, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы орнын дәйекті түрде нығайтып келе жатқан прогрессивті, мықты көшбасшы ретіндегі рөлін атап өтті.

“Сіз түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, аса құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің келешекке арналған стратегиялық бағдарын сенімді түрде жалғастырып келесіз. Сіздің салиқалы басшылығыңызбен Түрікменстан экономикасы керемет қарқынмен дамуда. Еліңізде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғырып жатыр. Энергетикалық әлеуетті нығайту және технологиялық трансформация бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Баянды бастамаларыңыздың арқасында бауырлас Түрікменстанда ірі әлеуметтік жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып, ғылым-білім саласы соны серпін алып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бұл жетістіктің бәрі шынайы құрметке және жоғары бағаға лайық, – деді президент.

Мемлекет басшысы Ашхабадтың дипломатия, бейбітшілік пен тұрақтылық мекені ретіндегі халықаралық беделі мен мәртебесін арттыру жолындағы Түрікменстан басшылығының күш-жігеріне ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түрікменстанның 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялау туралы бастамасын БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауы елдің жауапты әрі белсенді ұстанымын көрсетеді. Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің бауырлас елдер арасындағы достықты, өзара түсіністік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.

“Қазақ-түрікмен қарым-қатынасының келешегі жарқын екеніне сенімдімін. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы осыған айқын дәлел. Қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы көп жоспарлы серіктестігімізге тың серпін беріп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығының жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынына күмән жоқ, – деді мемлекет басшысы.

Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақстандықтарға алғыс айтты. “Бұл марапатты Түрікменстан халқына көрсеткен құрметіңіз, елдеріміз арасында ғасырлардан жалғасып келе жатқан берік достық пен тату көршіліктің белгісі ретінде қабылдаймын. Екі мемлекет халықаралық аренада тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық орнатқан. Ынтымақтастығымыз өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуде өзара түсіністіктің, бірліктің және қолдаудың жоғары деңгейін көрсетіп келеді” деді Түрікменстан президенті.

ЖАСАЛҒАН КЕЛІСІМДЕР

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасты:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында мәдени-гуманитарлық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім;

2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түрікменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында зейнетақымен қамтамасыз ету саласы бойынша ақпараттық ықпалдастық туралы келісім;

4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Түрікменстанның Әділет министрлігі арасында құқықтық саладағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында ветеринария саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Астық дақылдары ғылыми-зерттеу институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

7. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында көлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;

8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Түрікменстанның Денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2026-2027 жылдарға арналған негізгі іс-шаралар жоспары;

9. Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысы әкімдігі мен Түрікменстанның Балқан уәлаяты әкімшілігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

10. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Түрікменстанның Ғылым академиясы арасында ғылым саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;

11. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК мен Түрікменстанның Телевизия, радио хабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында ақпараттық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім.

Back to top button