Мейрам қарсаңында ұшақ пен пойыз билеті қымбаттай ма – вице-министр жауап берді
Желтоқсан айында Алматы, Шымкент және Ақтау бағыттарына қосымша рейстер саны көбейеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
ВИЦЕ-МИНИСТР БРИФИНГТЕ НЕ АЙТТЫ
Алдағы уақытта Қазақстанда әуе және теміржол билеттері бағасы өсуі мүмкін бе, жоқ па деген сұраққа көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров жауап берді. Оның айтуынша, жаңа жыл мерекесі алдында билеттердің қымбаттауы күтілмейді.
«Әр жылы мерекелер кезінде, жазғы демалыстар алдында жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі. Біз алдын ала дайындалып, рейстер мен теміржол бағыттарының санын арттырамыз», – деді Қалиақпаров Үкіметтегі брифингте.
ҚОСЫМША ПОЙЫЗДАР ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Вице-министрдің айтуынша, келесі жылы да билет бағасын көтеру жоспарда жоқ. Желтоқсанда сұраныс артатын бағыттар сол, Алматы, Шымкент және Ақтау қалалары.
«Негізгі бағыттар бойынша қосымша ұшақтар енгізіледі: жолаушылар орны көп борттар да, қосымша рейстер де қарастырылады. Теміржол қатынасы бойынша қосымша пойыздар іске қосылады. Бұған қоса, бекітілген бағыттарға сәйкес тіркемелі вагондар қосылады», – деді вице-министр.