Ерекше

ҰҚШҰ-ның жаңа басшысы: Тасмағамбетовті Қырғызстан өкілі алмастырды

Бішкектегі саммит қарсаңында ҰҚШҰ-ны жаңа жылдан бастап кім басқаратыны белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

АҚПАРАТТЫ КІМ РАСТАДЫ
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұжымдық қауіпсіздік  шарт ұйымының (ОДКБ) жаңа бас хатшысы қызметіне Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадықов жұмысын бастайды. Ол Иманғали Тасмағамбетовтің орнына келеді. «ТАСС» агенттігі бұл жөнінде Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді деп жазған.

Қазір Масадықов ұйымның бас хатшысының орынбасары қызметін атқарады. Ресми рәсімдер аяқталған соң, ол біртіндеп негізгі қызметіне кіріседі. Ушаковтың айтуынша, Тасмағамбетов 27 қарашада Бішкектегі саммитте өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша баяндама жасап, кейін оған ҰҚШҰ-ның бірінші дәрежелі құрмет белгісі табысталады.

Ушаков сондай-ақ Тасмағамбетовтің 1 қаңтардан бастап қызметінен кететінін нақтылап өтті. Ұйымда басшылық ауысатыны барлық тараппен келісілген көрінеді.

ТАСМАҒАМБЕТОВКЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫП
Бұған дейін ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Тасмағамбетовтің орнына келетін бас хатшыны үш жылдық мерзімге таңдайтыны жазылған еді. Жаңа кандидатура сыртқы істер, қорғаныс министрлері мен қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бірлескен отырысында қаралған.

Сонымен бірге жақында Иманғали Тасмағамбетовтің Украинадағы «Миротворец» сайты дерекқорына енгізілгені анықталды. Сайт авторлары оны Ресейдің Украинадағы әрекеттерін қолдады деп айыптап, ҰҚШҰ бас хатшысы ретінде ұйым әскерін Ресей армиясына көмекке жіберуге дайын болды деген мәлімдеме жасаған. Тасмағамбетов бұған дейін Қазақстанның премьер-министрі, Алматы мен Астананың әкімі, қорғаныс министрі және Ресейдегі елшісі қызметтерін атқарған.

Back to top button