Құлыбаевтар Halyk Bank-тегі акцияларын 475 млн долларға сатты
SPO қорытындысында Halyk Bank-тің мажоритар акционері саналатын және Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі «АЛМЭКС» компаниясы банк акцияларының 7,6%-ын сатқаны белгілі болды. Теңгеге шақсақ, бұл 475 млн доллар, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
АКЦИЯЛАРДАҒЫ ӨЗГЕРІС
Нәтижесінде «АЛМЭКС» үлесі биылғы 1 қазанмен салыстырғанда аз-маз төмендеді.
«Ұсынылған депозитарийлік қолхаттар саны (бір жаһандық депозитарлық қолхат – банк акциясының 40 бірлігіне тең) мен жергілікті ұсыныстағы акциялар банктің айналымдағы акцияларының 7,6%-ын құрайды. Жалпы мәміле көлемі 475,4 млн долларды құрап, оның ішінде 121,8 млн жергілікті ұсыныстағы акция 298,66 теңгеден, ал 17,6 млн ұсынылған ГДР 23 доллардан сатылды», – деп хабарлады банк орналастыру қорытындысы бойынша.
Халықаралық ұсыныс аясында 17,4 млн депозитрийлік қолхаттарды Қазақстаннан тыс жердегі институционалдық инвесторлар сатып алса, 0,2 млн ГДР және 121,8 млн акция қазақстандық инвесторлардың еншісіне өтті. Осылайша, орналастыру көлемінің 84,3%-ын шетелдік инвесторлар иеленді.
HALYK BANK-КЕ ТАБЫС ӘКЕЛМЕЙТІН САТЫЛЫМ
Айта кетейік, акциялар мен депозитарийлік қолхат сатылымынан Halyk Bank ешқандай табысқа кенелмейді. Себебі, бұл пакет тікелей «АЛМЭКС» компаниясына тиесілі болды. Орналастыру қорытындысында компанияның банктегі үлесі 62%-ға дейін азайды.
Барлығы шамамен 825,8 млн акция (оның ішінде 17,6 млн ГДР – 696 млн акцияға тең; 0,2 млн ГДР – 800 мың акция; 121,8 млн акция) сатылып, жалпы мәміле құны 475,41 млн долларды құрады. Баға бір акцияға – 298,66 теңге, бір ГДР-ға – 23 доллар деп белгіленді.
Орналастыру аясында «АЛМЭКС» Citigroup Global Markets Limited және J.P. Morgan Securities plc (SPO-ның жаһандық үйлестірушілері) бекіткен стандартты шарттар мен ерекшеліктерді ескере отырып, Halyk Bank акцияларының қалған бөлігін бір жыл ішінде сатпауға (lock-up) міндеттеме алды.
Халықаралық ұсыныстың аяқталуы, ГДР-лардың Лондон қор биржасында (LSE) саудаға шығарылуы және Ұлыбританияның Қаржылық реттеу және қадағалау басқармасының (FCA) ресми тізіміне енгізілуі 2025 жылдың 25 қарашасына жоспарланған.
ҚҰЛЫБАЕВТАРДЫҢ БАЙЛЫҒЫ ҚАНША
Ал жергілікті ұсыныстағы депозитарийлік қолхаттар AIX-те, акциялар KASE алаңында 2025 жылдың 26 қарашасынан бастап саудаланбақ. Орналастыру аяқталған соң «АЛМЭКС» компаниясы банктің 6,7 млрд акциясына ие болып, Halyk Bank-тің айналымдағы жалпы акцияларының шамамен 62%-ын иеленетін болады. Бұған дейін «АЛМЭКС» холдингі мен Halyk Bank халықаралық және қазақстандық инвесторлардан банктің депозитарийлік қолхаттарын сатып алуға өтінімдер қабылдайтынын хабарлаған еді. Нарықта кемінде 12 млн депозитарийлік қолхат (банк акцияларының 4%-ы) орналастыру жоспарланған.
Тимур мен Динара Құлыбаевтар Forbes бағалауы бойынша елдегі ең бай адамдар рейтингісінде төртінші орында тұр. Әрқайсысында 5,3 млрд доллар бар.