Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы қызметінен кетеді
27 қарашада өтетін Бішкектегі саммитте ҰҚШҰ-дағы төрағалық Қырғызстаннан Ресейге ауысады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тиісінше, алдағы кезеңге Ресей тарапы өз басымдықтарын ұсынады.
Сонымен қатар басқару органдарындағы жетекші құрамды ротациялау тәртібіне сәйкес, Қырғызстан президенттердің бекітуіне ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымына кандидатура енгізеді.
Хатшылықтың мәліметінше, мемлекет басшыларының қарауына ұжымдық қауіпсіздікті нығайтудың түрлі аспектілеріне қатысты ауқымды құжаттар топтамасы ұсынылады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Декларациясын қабылдау жоспарланып отыр. Ол дүниежүзілік жағдай мен ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы ахуалға баға берумен қатар, өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қатысты ұстанымдарды қамтиды.
Иманғали Тасмағамбетов 2023 жылдың қаңтарынан бастап ҰҚШҰ бас хатшысы қызметін атқарып келеді.