Геннадий Головкиннің World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануы – әлемдік әуесқой бокс үшін тарихи сәт. Бұл міндетті мойына алуы Головкиннің өзі үшін ең үлкен жекпе-жекке айналғалы тұр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кейінгі жылдары World Boxing-тің жаһандық беделі төмендеп, ұйым басқару, әділ қазылық пен спортшылардың құқықтары мәселесінде үлкен сынға қалғаны белгілі. 2022-2023 жылдары ұйымға қатысты шешімдердің ашық болмауы, ірі турнирлердегі даулы төрелік және федерациялардың бір-бірінен бөлінуі ұйымға айтарлықтай нұқсан келтірген.
Әлемнің бірнеше еліндегі бокс федерациялары ұйым құрамынан уақытша шығып, құрылымның қайта жаңаруын талап етті. GGG ұйым басшылығына осындай уақытта келіп отыр.
Головкин – беделі әлемдік деңгейде мойындалған, таза еңбегімен танылған спортшы. Сондықтан ұйымды қайта жандандыру міндеті дәл соған сеніп тапсырылды.

Енді Головкин алдында бірнеше негізгі мақсат тұр:
-
Төрешілік пен әділ бағалау жүйесін жаңарту. Соңғы Олимпиадалық циклде дау тудырған шешімдер World Boxing-ті реформалауды қажет етеді
-
Ұйымның беделін халықаралық деңгейде қалпына келтіру. Әсіресе Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан сын аз болмаған.
-
Жаңа маркетингтік модель қалыптастыру. Әуесқой боксқа инвестиция азайған тұста GGG брендін тиімді қолдануға мол мүмкіндік бар.
-
Ұлттық федерациялар арасындағы сенімді қайта күшейту. Ұйымның ішкі коммуникациясы мен басқару жүйесін ашық ету – басты талаптардың бірі.
Головкин бұл бағытта өзінің харизмасы мен спорттық философиясын қолдана алады. Ол рингтегі әділдікті өмірлік ұстанымға айналдырған спортшы ретінде ұйымның жаңа стандарттарын қалыптастыруға қабілетті деген сенім бар.
GGG НЕНІ ӨЗГЕРТУІ ТИІС
World Boxing 2020 жылдан бастап түрлі дағдарыстарға тап болды: төрешілерге қысым, жемқорлыққа күдік, федерацияішілік бөліну және саяси ықпалға қатысты айыптаулар. Қоғамдық сын күшейген сайын ұйымның Олимпиада бағдарламасындағы орны да әлсірей түсті. GGG бұл сындар қайталанбас үшін ұйымға толық құрылымдық реформа қажет екенін жақсы түсінеді. Біріншіден, халықаралық стандартқа сай тәуелсіз төрешілер комиссиясын құру, барлық бағалау процесін цифрландыру – оның басым бағыттарының бірі болмақ.
Екіншіден, федерацияның қаржылық ағындары мен демеушілік келісімдеріне қатысты ашық бюджет моделін енгізу маңызды. Бұл – халықаралық сенімді қалпына келтіретін негізгі механизм.
Үшіншіден, Головкин әуесқой бокс пен кәсіпқой бокстың ара-жігін жаңа форматта байланыстыра алады. Оның промоутерлік тәжірибесі, әлемдік аренадағы беделі боксшылардың құқықтарын қорғауға жаңа серпін береді.
Төртіншіден, ұйымның жасөспірімдер мен жастар боксын дамыту стратегиясын қайта қарау қажет. Қазіргі заманда федерациялар тек медаль санымен емес, таланттарды қорғау жүйесімен өлшенеді.
Бесіншіден, World Boxing брендін қайта жаңғырту үшін коммуникациялық стратегия да өзгеруі тиіс. Головкин жанкүйерлермен жұмыс, әлеуметтік медиа, ашық есеп беру сияқты тәсілдер арқылы ұйымға жаңа сенім қалыптастыра алады.
GGG үшін бұл – рингтен кейінгі ең үлкен сынақ. Ол енді жеке спортшы емес, жаһандық спорттың болашағына жауапты менеджер. Оның есімі, тәжірибесі және беделі реформаларды жүргізуге жеткілікті ресурс береді. Бірақ бастысы – ол батыл шешімдерді қабылдауы керек.