Ерекше

Алғабастағы алапат өрт пен фельдшер өліміне ДДСҰ назар аударды

Қайғылы оқиғаларға байланысты аталған ұйым қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

КЛЮГЕ ЖОЛДАҒАН ХАТТА НЕ ДЕЛІНДІ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Түркістан облысындағы өрт пен Астанада фельдшердің қаза табуына байланысты Қазақстан халқына көңіл айтты. Ұйымның ресми хатында Еуропалық бюроның басшысы Ханс Клюге өз ойын білдірген.

«Астанада жас медицина қызметкерінің адамдарды құтқарамын деп қаза болуына байланысты шын жүректен көңіл айтамын», – деп жазды ол денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жолдаған хатында.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын елордада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Көпқабатты үйдің қаптамасы құлаған сәтте ол адамдарды құтқаруға ұмтылып, жарақат алған. Сол сәтте фельдшердің үстіне кондиционер құлаған еді.

ҰЙЫМ ҚОЛҰШЫН БЕРУГЕ ДАЙЫН

Хатта сондай-ақ Алғабас ауылындағы қайғылы жағдай да атап өтілген. Өрт салдарынан екі отбасы бақиға аттанды, оның ішінде тоғыз бала бар. Ханс Клюге қажет болған жағдайда ДДСҰ тарапынан көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Балалардың өрттен өлем құшуы – зор қасірет. Жақындары қандай күйде екенін елестету мүмкін емес», – деді ол.

Алғабастағы трагедия 18 қарашада түнде Шойбековтер отбасының үйінде болды. Екі жанұя тойдан кейін үйге оралған. Өрт таңға жуық, барлығы ұйықтап жатқан кезде тұтанған. Үш адам ғана аман қалды. 

Back to top button