AFP: Украина Трамптың жоспарына сай Ресеймен ымыраға баруы ықтимал

Украина Жоғарғы Радасының депутаты РФ мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі Дональд Трамптың болжамды жоспарының фотосуреттерін жариялады.
DW хабарлауынша, онда әсіресе Ресейге территориялық жеңілдіктер беру және Мәскеуге салынған санкцияларды алып тастау мәселелері қарастырылған.
AFP агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әзірлеген жаңа бейбіт жоспар аясында Украина Ресейге белгілі бір жеңілдіктерге баруы мүмкін. Бұл туралы 20 қараша, бейсенбі күні хабарланды.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ әкімшілігінің жоспарын талқылауға келіскен болатын. Жоспарға сәйкес, оның ішінде, Украина қауіпсіздік кепілдіктері үшін өз территориясының бір бөлігінен бас тартуы керек.
Украиналық депутат Трамптың жоспарын жариялады
Украина Жоғарғы Радасының депутаты Алексей Гончаренко 21 қараша күні кешке өзінің Telegram-арнасында РФ мен Украина арасындағы соғысты аяқтауға арналған Трамптың болжалды жоспарының фотосуреттерін жариялады.
АҚШ билігі әзірге бұл құжаттың түпнұсқалығын растаған жоқ.
Гончаренко жариялаған жоспар 28 тармақтан тұрады және онда территориялық мәселелер, Украинаның егемендігі, НАТО-мен әскери ынтымақтастық, Ресейдің жаһандық экономикадағы мәртебесі және басқа да аспектілер қамтылған.
Территориядан бас тарту, Украинаны қалпына келтіру, РФ санкцияларын жою
Жоспардың екінші тармағында Украина, Ресей және ЕО «жан-жақты соққы жасамау туралы келісімге» қол қоятыны, ал «соңғы 30 жылдағы барлық даулы мәселелер реттелді деп саналатыны» жазылған.
Құжатқа сәйкес, Қырым түбегі, Донецк және Луганск облыстары де-факто Ресей аумағы деп танылуы тиіс. Ал Херсон және Запорожье облыстары қазіргі майдан шебі бойынша Украина мен Ресей арасында бөлінеді. Тараптар бұдан былай күш қолдану арқылы шекараны өзгертпеуге міндеттеледі. Сонымен қатар НАТО әскерлері Украина аумағында орналастырылмауы керек.
Трамптың болжалды жоспарына сәйкес, Украинаны қалпына келтіруді АҚШ пен Еуропа қаржыландырады. Осы мақсатқа Ресейдің бұғатталған 100 млрд АҚШ доллары көлеміндегі активтері де жұмсалады.
Құжатта сондай-ақ Ресейге салынған халықаралық санкцияларды біртіндеп алып тастау және Мәскеу мен Вашингтонның ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюы қарастырылған. Бұдан бөлек, жоспарға сәйкес, бейбіт келісімге қол қойылған бойда оқ атуды дереу тоқтату және тұтқындарды «бәрін бәріне» қағидасы бойынша алмастыру көзделеді.
Келісімнің орындалуын Дональд Трамп басқаратын «бейбітшілік кеңесі» қадағалайды.