Қорғаныс министрі әскердегі әлімжеттіктен бейхабар
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Қазақстан армиясындағы әлімжеттік пен заңсыздықтан бейхабар, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.
“ӘСКЕРДЕ ӘЛІМЖЕТТІК ЖОҚ”
Ол қойылған сауалға таңдана жауап қатты.
«Қандай заңсыздық? Әскерде әлімжеттік жоқ!» — деді Қосанов бейсенбі күні Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере отырып. БАҚ өкілдері министрден бұған дейін әскерде қаза тапқан және зардап шеккен сарбаздардың аналарының алдына неге шықпағанын сұраған болатын.
Ал журналистің «Қазақстан әскерінде сарбаздар ай сайын көз жұмып жатқанын білесіз бе?» деген сұрағы қойылғанда министр күліп жіберді..
«Жоға-а, не айтып тұрсыз!» — деп жымия жауап берді Қорғаныс министрі.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске салайық, 10 қарашада KazTAG хабарлағандай, Астанада әскерде көз жұмып, зардап шеккен сарбаздардың аналары митингіге шыққанда олар реформа жүргізуді талап еткен болатын. Сол уақытта биліктегілерге бірқатар сұрақ қойды. Алайда Қорғаныс министрлігі аналардың жанайқайына жауап ретінде әскери қызметкерлердің қауіпсіздігі бірінші кезекте тұрғанын мәлімдеді.
10 қараша күні кешкісін Мемлекет басшысының көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловқа қаза тапқан сарбаздардың аналарының өтінішін қарауға 12 күн уақыт бергенін мәлімдеді.