Әйелдердің жұмысы уақытын қысқарту керек – депутат
Қазақстанда әйелдерге жұмыс уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін, бірақ табысын азайтпайтын еңбек заңнамасын қайта қарастыру ұсынылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДЕПУТАТ БЕКТЕНОВКЕ НЕ АЙТТЫ
Мұндай сауалды Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясынан депутаты Ажар Сағандықова премьер-министр Олжас Бектеновке қойды. Депутаттың айтуынша, қазір қазақстандық әйелдер іс жүзінде екі ауысым қатарынан жұмыс істейді. Негізгі жұмысында шамамен сегіз сағат, ал үй шаруасына тағы төрт сағат уақыт жұмсайды. Зерттеулер көрсеткендей, әйелдер ақысы төленетін және төленбейтін жұмысты қосқанда, күнделікті орта есеппен 13 сағаттан астам уақыт еңбектенеді.
«Балаларға, қарттарға және отбасындағы науқас адамдарға күтім көрсетуге де әйелдер жауапты. Сол себепті, олардың күнделікті жалпы жүктемесі 13 сағаттан асады. Бұл созылмалы шаршауға, эмоционалды күйзеліске, өмір сапасының төмендеуіне және денсаулыққа қауіптің артуына әкеледі», — деп атап өтті Сағандықова.
ТАҒЫ ҚАНДАЙ ҰСЫНЫС АЙТТЫ
Депутат әйелдерге жұмыс пен отбасы күтімін үйлестіру барысында апта ішінде жұмыс уақытын қысқартуға, бірақ жалақы мен әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға мүмкіндік беретін норма Еңбек кодексінде бекітілуі қажет деп санайды. Арнайы қажеттіліктері бар балалардың аналары мен сырқаты ауыр туыстарына күтім көрсететіндерге қолайлы график енгізу ұсынылады.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қысқа жұмыс күні еңбек тиімділігін төмендетпейді.
Керісінше, жұмыс сапасын арттырады және күйзелісті азайтады, – деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар Сағандықова еңбек пен күтімді қатар алып жүретін әйелдер үшін қысқартылған жұмыс аптасын сынақтан өткізуге арналған пилоттық жобаны бастау ұсынысын енгізді.