Ерлердің жаппай декретке шығуы мүмкін бе – депутат Құспеков мәселе көтерді
Мәжіліс отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков әкелерге баланы күту кезеңін еңбек өтіліне есептеу нормасы енгізілгеннен кейін ерлердің жаппай декретке шығу ықтималдығын сөз етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Депутаттың айтуынша, бастама ата-аналардың құқықтарын теңестіруге бағытталғанымен, оның салдарына әсіресе әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілер тұрғысынан мұқият баға беру қажет.
Олжас Құспеков депутат Асхат Аймағамбетовке қарата заң жобасының негізгі тұжырымын атап өтті: енді балаға нақты күтім жасаған жұмыссыз әкелердің бұл кезеңі еңбек өтіліне қосылуы ұсынылып отыр. Қазіргі жағдайда мұндай құқық тек аналарға берілген. Оларға бала күтімі үшін 12 жылға дейін өтіл есептеледі.
Депутаттың сөзінше, енгізіліп отырған өзгеріс ата-аналардың тең құқығын қамтамасыз етуді көздейді, алайда оның ықтимал салдарын алдын ала жан-жақты қарастыру маңызды.