Ерекше

Қытай көліктерін сатып алу қиындайды. Бұл нені білдіреді?

2026 жылдың 1 қаңтарынан Қытайда автокөлік экспортын реттейтін жаңа талаптар күшіне енеді, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

УАҚЫТ ЖОҒАЛАДЫ, ШЫҒЫН АРТАДЫ

ҚХР Сауда министрлігі жариялаған жаңа құжат бұған дейін «қолданылған» ретінде сыртқа шығарылып келген көліктерге бақылауды айтарлықтай күшейтеді. Бұл өзгерістер Қытайдан барынша тиімді бағаға көлік алуға тырысатын Қазақстан нарығына да тікелей әсер етпек. Қытайда жаңа норма енгізілді: тіркелгеніне 180 күн толмаған “жартылай жаңа” көліктерді өндірушінің арнайы рұқсатынсыз сыртқа шығаруға тыйым салынады. Хатта экспортталатын ел және ол елде ресми сервистік орталықтардың бар-жоғы көрсетілуі тиіс. Бұл талап жаңа көліктердің «қолданылған» деген желеумен сыртқа заңсыз шығарылуына тосқауыл қоюды көздейді.

«Известия» дерегінше, мұндай көліктерді ТМД елдеріне көбіне шағын импортерлер жеткізіп келген. Енді сатып алушылар алты ай күтіп, зауыттан растайтын құжат алуға мәжбүр. Бұл уақытты да, шығынды да арттырады.

Құжат тұрғысында бақылау да күшейеді. Яғни, экспортталатын көліктің барлық техникалық және тіркеу дерегі бір-бірімен толық сәйкес болуы қажет.

Қателікке немесе жалған ақпаратқа жол берген компаниялар экспорт құқығынан айырылуы мүмкін, – деп жазады қытайлық басылымдар.

Сонымен бірге, көлікті «модификацияланған» деп көрсету арқылы экспорттау тәжірибесіне де шектеу қойылады. Енді экспорттаушы компания нақты жасалған өзгерістерді дәлелдеп, оның деректері MIIT базасымен сәйкестігін көрсетуі тиіс. Бұл мүлде жүрмеген көліктерді жасанды түрде «қайта жабдықталған» санатына өткізу амалын тоқтатуға бағытталған.

Бұдан бөлек, сервистік қолдау талаптары қатаяды. Нақты айтсақ, экспорттаушы автокөлік жөнелтілетін елде қосалқы бөлшектер мен техникалық қолдау болуын қамтамасыз етуге міндетті.

САТЫП АЛУШЫЛАРҒА ӘСЕРІ

Сарапшылар пайымынша, 1 қаңтардан кейін «сұр» импорт үлесі азайып, нарық біршама реттеледі. Ресми импорттаушылардың ықпалы күшейіп, 180 күндік шектеуге байланысты шағын компаниялардың шығындары артуы мүмкін.

Жаңа ережелер «тиімді экспорт» дәуірі аяқталғанын білдіреді. Ал қазақстандықтар үшін бұл бұрынғыдай жылдам әрі арзан көлік алу мүмкіндігін шектейді дегенді білдіреді. Соған қарамастан нарықтағы ашықтық сол беті сақтала бермек.

Back to top button