Шавкат Рахмонов титулдық жекпе-жектен кейін Махачевке жауап берді
Өткен демалыста біршама адам UFC жекпе-жектерін тамашалап, өздері үшін алда қызық болар айқастарды әлі талқылауда, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Жартылай орта салмақта, яғни Шавкат Рахмонов өнер көрсететін дивизионда чемпион ауысты. Бұрынғы белдік иесі — аустралиялық Джек Делла Маддалена төрешілер шешімімен ресейлік Ислам Махачевке жол берді. Осылайша Махачев UFC-дің әртүрлі салмақ дәрежесінде белдік таққан санаулы спортшылардың бірі атанды. Бұған дейін ол жеңіл салмақта чемпион атанып, жаңа дивизионға өту үшін титулын өз еркімен тапсырған еді.
Жекпе-жек өткен соң көп ұзамай Ислам Махачевке қазақстандық Шавкат Рахмоновтан өз лебізін білдірді.
Исламды жеңісімен құттықтаймын, керемет өнер көрсетті. Бірақ мен ол үшін әлі де жартылай орта салмақтағы негізгі қарсылас болып тұрмын, – деп жазды Рахмонов Х әлеуметтік желісінде.
Шавкат Рахмонов соңғы рет октагонға 2024 жылдың желтоқсанында шыққан. Ал 2025 жыл бойы ол бұрынғы жарақатына жасалған отаға байланысты жекпе-жектерден шет қалып отыр.
Рахмонов 2026 жылы қайта оралуға дайын екенін мәлімдеген, алайда ұзақ үзілістен кейін октагонда оны кім күтіп тұрғаны әзірге белгісіз.
Ислам Махачевтің менеджері жаңа чемпион алғашқы титул Рахмоновқа емес, 38 жастағы бұрынғы UFC чемпионы Камару Усманға қарсы жекпе-жек өткізіп, қорғағысы келетінін айтты.
Қазір Рахмонов жартылай орта салмақ рейтингінде үшінші орында, Усман — бесінші сатыда. Дегенмен ертең, 18 қарашада, чемпион ауысуына байланысты айтарлықтай өзгерістер болуы мүмкін жаңа рейтинг жарияланады.