Қазақстандағы ірі банктер активтерінен айырылып жатыр
Қыркүйек айында қазақстандық банктердің жиынтық активтері 67 триллион теңгеден асты. Бір айдағы өсім – 0,6%. Бұған, ең алдымен, несие портфелінің 1,8%-ға ұлғайып, 41,6 триллион теңгеге жетуі ықпал еткен, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
ӨЗ “БИІГІНЕН” ТҮСПЕГЕН БАНКТЕР
Аталған ақпаратпен мұның алдында ranking.kz Ұлттық банк деректеріне сүйеніп, бөліскен еді. Соған сенсек, елдегі бірқатар ірі банк активтері төмендеді.
Бұл жерде Bank RBK-ның жағдайы өзгелерге қарағанда орнықты. Бір ай ішінде активтері 3,4%-ға өсіп, 2,5 триллион теңгеге жетті. Жылдық өсім 13%-ды құрады.
Келесі Freedom Bank-ке тоқталуға болады: активтері 2,3 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Үздік үштікті ForteBank түйіндеп тұр.
Сондай-ақ оң динамика Отбасы банк (плюс 2,1%, 4,8 трлн теңге), Bereke Bank (плюс 1,7%, 2,5 трлн теңге) және Halyk Bank-те де (плюс 1,7%, 19,7 трлн теңге) байқалады.
КӨРСЕТКІШІ КЕРІ КЕТКЕНДЕР
Ал бірнеше ірі қаржы институттарының көрсеткіштері кері кетті: Айталық:
– Alatau City Bank – 3,4 трлн теңгеге төмендеді;
– Банк ЦентрКредит – 7,9 трлн теңге;
– Еуразиялық банк – 2,9 трлн теңге.
Банктердің жоғары өтімді активтері 19,1 триллион теңгені құрап, барлық активтің 28,4%-ын қамтыды.