Сот инфлюенсерге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанда іздеу жарияланған белорус блогері Mellstroy (Андрей Бурим) онлайн-казино жарнамасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Бұған дейін 26 жастағы контент авторын 15 қарашадан бастап Астана қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті іздестіріп жатқаны белгілі болған еді. Агенттік өкілдері сот оның қамауға алынуына шешім шығарғанын мәлімдеді.
«Mellstroy лақап аты бар блогер, Беларусь азаматы Андрей Бурим – әлеуметтік желілер арқылы Mellstroy.game онлайн-казиносын ілгерілетуге бағытталған ауқымды жарнамалық кампания ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Ол қазақстандық аудиторияны да қамтитын түрлі челлендж жариялап, қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және өзге де платформада бренд атауын, логотиптерін және сайт сілтемесін қосып, бейнеролик түсіруді ұсынған», – деп хабарлады ведомство.
Агенттік Mellstroy-дың Ресейде тікелей эфир барысында біреуге қол жұмсағаны үшін түзету жұмыстарына және айыппұлға кесілгенін еске салды. Сондай-ақ биыл қарашада Минск соты оның барлық платформалардағы арналарын экстремистік материал деп таныған.
Іздеудегі адамның қайда екені туралы білетіндерге +7 (7172) 70 84 78 және +7 (7172) 70 84 79 нөмірлеріне хабарласуға болады. Сыйақы мен толық анонимдік қамтамасыз етілетін көрінеді.