Берлинде Димашқа арналған картиналар көрмесі өтіп жатыр
12–17 қараша аралығындағ Димаш Құдайберген Еуропада жеке концерттерін өткізіп жатқан күндері Берлинде қазақстандық әртіске арналған «JULDYZ» картиналар көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды dimashnews.com.
Экспозиция қойылған Erster Erster галереясы 14 қарашада «Stranger» шоуы өтетін Max-Schmeling-Halle аренасының маңында орналасқан.

Суретші Punktgeläutтің майлы бояумен салған картиналары мен қарындаш суреттері Димаштың шығармашылық өміріндегі түрлі оқиғаларды бейнелейді. Оның жанкүйерлеріне жақсы таныс сәттері мен жағымды эмоциялары өткен шақтағы естеліктерге жетелейді.

«Димаш Құдайбергеннің дауысы жанрлардан, стильдерден және шекаралардан асып түседі. Әншінің 14 қарашада өтетін Берлиндегі алғашқы концерті құрметіне көрмеде осы керемет музыканттың шағын портреттер топтамасы көрсетіледі. Бұл бейнелер Димаштың музыка аясынан да кең әсерін көрсетеді. Ол әлемдік турларымен қатар, өз дауысын әлеуметтік мәселелерге арнайды: ол – бейбітшілік пен білімнің қорғаушысы, жас музыкалық таланттарды қолдаушы және өз елін – Қазақстанды танытып жүрген жан», – деп сурет авторы картиналарының бас кейіпкерін таныстырады.
Көрмеге кіру тегін. Ал сатылған картиналардан түскен қаражаттың жартысы Қазақстанда білім мен қоршаған орта мәселелеріне мән бере отырып, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырып жүрген «Сәби» қайырымдылық қорына аударылады.
