Аналар митингісінен соң Бас прокуратура әскерде түбегейлі тексеріс жүргізбек

Қорғаныс министрлігі ғимараты алдында өткен митингіден кейін билік әскерге шақыру заңдылығы, медициналық комиссиялардың жұмысы және Қорғаныс министрлігінің іс-әрекеті тексерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды  Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

АСЫЛОВТЫҢ АЙТҚАНЫ

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, Бас прокуратура басшылығы әскерде қаза болған немесе жарақат алған сарбаздардың аналарын жеке қабылдайды.

«Ешбір өтініш назардан тыс қалмайды. Жұмысқа Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан орталық аппараттарының өкілдері тартылды», – деді Асылов.

Тексеру барысында сарбаздар өліміне қатысты барлық жағдай, әскердегі жарақат пен өлімнің алдын алуға бағытталған шаралардың тиімділігі, шақыру заңдылығы, сондай-ақ медициналық комиссия қорытындыларының негізділігі қаралмақ.

МӘН-ЖАЙЫ

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловқа 12 күн ішінде аналардың өтініштерін мұқият қарап, әскер қатарында бақилық болған сарбаздарға қатысты істерге құқықтық баға беруді тапсырған еді. Әйелдер жеті сағатқа жуық Министрлер үйінің алдында тергеу жүргізіп, әскерде реформа жасауды талап етіп тұрды. Бірнешеуі ұсталғанымен кейін босатылды.

Митингіге әскерде көз жұмған және ауыр жарақат алған сарбаздардың отбасылары қатысты. Олар Қарулы күштер жүйесіне реформа енгізуді, әскерге шақыру тәртібін өзгертуді, тәуелсіз тергеулер жүргізуді, өтемақы төлеуді және зардап шеккендерге көмек қорын құруды талап етті. Акция кезінде қорғаныс министрі де, Президент әкімшілігінің өкілдері де халық алдына шыққан жоқ.