Мұғалімдерге «сағаттарды» қалай әділ бөліп беруге болады – Аймағамбетовтің жауабы

Мәжіліс депуатты Асхат Аймағамбетов мектепте мұғалімдерді «сағаттарды» қалай әділ бөлу керектігі жөнінде Tizgin.kz порталының сұрағына жауап берді.

АЙМАҒАМБЕТОВ НЕ ДЕЙДІ

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, мектепте сағатты бөлу мәселесі директор мен орынбасарының немесе мұғалімдердің арасындағы ғана мәселе емес, сонымен қатар мұғалімдердің арасындағы да мәселе. Себебі бір мұғалім «мен 15 сағат алдым, ол неге 24 сағатты алып кетті» деген дау-дамай білім ордаларының көбінде болады. Мұның арты білім ордаларының ішінде түрлі мәселелерді туғызады.

«Егер сіздер әлемдік тәжірибені зерттесеңіздер, ставка жүйесімен жалақы төлейтін мемлекеттер өте аз. Жоқтың қасы. Ал бізде совет үкіметінен қалған жүйе. Көп мемлекеттер басқа жүйемен ақы төлейді. Мен министрлікте жүрген кезде осы жүйені өзгертуге бағытталған пилоттық жобаны бастағанмын. Өйткені жүйені өзгертем десең, «Финляндияда былай, Қытайда солай, мен де солай істеймін» деп атқара алмайсың. Өйткені әр елдің өзінің контексті мен мәдениеті бар. Сондықтан, міндетті түрде ғылыми тұрғыда зерттеу керек, содан кейін пилоттық жоба бойынша көру керек», — дейді ол.

Депутат пилоттық жобаны бастай берген кезде министрліктен кеткенін айтады. 

«Ары қарай ол тәжірибені біздің әріптестер жалғастыра ма, жоқ па — сол әріптестерімізге қойсаңыздар болады. Бұл бағытта зерттеулер өте көп. Чатджипитиден Қырғызстандағы немесе Моңғолиядағы тәжірибені зерттеп қараңыз болады. Олар сол жүйеден өтіп кеткен», — дейді ол.

Асхат Аймағамбетов экс-әріптесі Жұлдыз Сүлейменоваға кезінде өзі бастаған пилоттық жобаны ұсынбайтынын айтты. Себебі оны өзі де білімді деп атап, министрлікте еңбек ететін адамдар өздері шешім қабылдайтынын мәлім етті.