Жақында ғана Мәжіліске депутат болып келген Әбутәліп Мүтәлінің BESupply компаниясы Жамбыл облысында 287 млн теңгенің тендерін ұтып алғаны хабарланған еді. Бұл ақпарат біршама БАҚ-қа «азық болып», түнде өткізілген тендер көп сұрақ туғызған. Tizgin.kz порталы осы тақырыпқа байланысты депутаттың өзін сөзге тартып көрді.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Tizgin.kz порталымен тілдескен Әбутәліп Мүтәлі BESupply компаниясы расында да, өзіне тиесілі екенін айтады. Бірақ заң бойынша Мәжіліске депутат болып келген соң бизнесін басқа адамға сенімгерлік басқаруға беруі керек. Ол үшін бизнесмен-мәжілісменге бір ай уақыт беріледі.
«Тендердің қай уақытын белгілеу, қай уақытта ашып, қай уақытта жабу — орындаушының міндеті емес. Ол — тапсырыс берушінің міндеті. Түнгі тендерлер бойынша нарықтағы басқа кәсіпкерлердің де сөзі бар — бұл үлкен мәселе. Мұны көтеру керек. Біздің компаниямыз — түнгі тендерге қатысушылардың бірі. Бұл тендерге қатысу үшін өзіміз сияқты кәсіпкерлер өзінің сатып алу бөлімдерін түнде де жұмыс істеуге мәжбүрлеп отыр. Сол үшін шығындалып та жатыр. Сондықтан, түнде өткізілетін тендерлер дұрыс емес», — дейді ол.
Соған қарамастан Әбутәліп Мүтәлі өзіне тиесілі BESupply компаниясы Жамбыл облысы әкімдігінен 287 млн теңге тендерді түнде ұтып алғанын да растайды.
«Біздің компания ашық түрде өткізілген тендерге түнде қатысқан. Нақты нешеде тендерді ұтып алғанын мен білмеймін. Компанияның сатып алу бөлімі бар. Сол бөлім мұнымен айналысады. Олар түнде де отыр. Тендердің ашылу-жабылу уақытын біз қадағаламаймыз. Оны құзырлы мемлекеттік органдар ашып, жабады. Ашылған кезде қатысады», — деген депутат әкімдіктен тендерді әділетті түрде алғанын айтады.
Мәжілісмен Әбутәліп Мүтәлі Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайланды. Цифрландыру саласы бойынша жұмыс істейді. Өз компаниясының бағыты мен Парламенттегі қызметі үшін мүдделер қайшылығы болмай ма? Tizgin.kz порталының осы сұрағына Мүтәлі былай жауап берді:
«Мүдделер қақтығысы болмайды. Неге десеңіздер, нарықта алған тәжірибемді Парламент қабырғасында бөлісуге дайынмын. Жыл соңына дейін цифрлық кодексті қабылдау жөнінде Мемлекет басшысы нақты тапсырма қойды. Мемлекет үш жылдың ішінде цифрлық мемлекет болсын деді. Экономиканың әрбір тарапында жасанды интеллект енгізілсін деп тапсырма берді. Заманға сай экономиканы құруға барлығымыз бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Сол бағытта жұмыс істейміз», — деп түйді Әбутәліп Мүтәлі.
ТҮНГІ ТЕНДЕР
Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ-та Жамбыл облысының әкімдігі 287 млн теңгеге өткізген мемлекеттік сатып алуды мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәліге тиесілі BESupply компаниясы жеңіп алғаны хабарланған еді. Тендерді өңірдің білім басқармасы өткізген. «Мекеме» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу және техникалық қолдауға қатысты конкурс болған. Келісімшарт 2025 жылдың соңына дейін жасалған.
Депутаттың компаниясы қатысқан конкурс түнде өткізізген. Құжаттарды 16 қыркүйекке қараған түні – сағат 00:06-дан таңертеңгі 9:06-ға дейін ғана тапсыру мүмкін болған. Nege.kz telegram-арнасының ақпаратына сүйенсек, «Электрондық қаржы орталығы» байқау бастапқыда 4 қыркүйекте басталғанын хабарлаған. Алайда камералдық бақылау қателіктерді анықтап, оларды түзетуді талап еткен. Түзетулер енгізілгеннен кейін жүйе 9-16 қыркүйек аралығында өтінімдерді қабылдауды автоматты түрде ашуы керек болған.
Мемлекеттік аудит түзетулерді тек 16 қыркүйекке қараған түні растағандықтан, процесс кешіктірілген. Сондықтан өтінімдер түн ортасынан таңертеңге дейін қабылдаған, яғни тоғыз сағат ішінде болған. Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімдігі конкурсқа қатысушылар арасындағы сөз байласу белгілерін тексеріп, анықтай алмағанын мәлімдеді.
МҮТӘЛІ ПАРЛАМЕНТКЕ ҚАШАН КЕЛДІ
Әбутәліп Мүтәлі 15 қазанда Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайланды. Ол Оқу-ағарту министрі болған Жұлдыз Сүлейменованың орнына келген. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, BESupply компаниясы 2025 жылдың өзінде жүздеген миллион теңгеге 10 тендерді жеңіп алған.








