Tizgin.kz порталына жолдаған ресми жауабында «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы қоржын компаниялардың бірде-бірінде қарыз жағынан дефолт қаупі жоқ деп мәлімдейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов қордың жалпы қарызы 10 трлн теңгеден асатынын айта келе «бұл біз үшін ыңғайлы деңгей, біздің бүкіл қаржылық коэфиценттер, атап айтқанда ковенанттар «жасыл аймақта» деген еді.
ҚАЙ КОМПАНИЯ ҚАНША ҚАРЫЗ
Осы ретте Tizgin.kz порталы «Самұрық-Қазына» қорына қарайтын немесе қордың үлесі бар әр ұлттық компанияның қазіргі сыртқы және ішкі қарыздарының жалпы мөлшері қанша екенін білу үшін әр компания бойынша қарыз мөлшерін бөлек-бөлек сұраған. Алайда қор жауабында әр компанияның ресми сайтынан іздеуге кеңес берді. Басты ұлттық компаниялардың қарызына шолу жасайық:
ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергеновке өзі басшылық ететін ұлттық компанияның қарызы жақында 3,2 трлн теңге екенін айтқан еді. Бірақ KASE-дегі есепте ҚТЖ-ның жалпы міндеттемелері 4,4 трлн теңге деп көрсетілген.
2025 жылы ҚазМұнайГаз компаниясының жалпы қарызы 4 трлн теңгеге жуықтаған. 2023 жылы бұл қарыз 3,76 трлн теңге болған. «Самұрық-Қазына» қорының негізгі қарыздары аталған осы екі компанияға тиесілі.
Қазақтелеком, Самұрық-Энерго, Кегок, , Қазпошта, Қазатомөнеркәсіп қатарлы компаниялардың (қарыз мөлшері 50-300 млрд теңге аралығында) жалпы қарызы 2 трлн теңгеден асады.
БҰЛ ҚАУІПТІ ШЕК ПЕ
«СамұрықҚазына» қорына қарайтын ұлттық компаниялардың қайсысы қарыз жағынан «тәуекел аймағына» кіріп отыр? Яғни қарызын өтеу қабілеті әлсіреп, дефолтқа ұшырау қаупі бар компаниялар бар ма? Осы сұраққа берген жауабында компания «Самұрық-Қазына қоры топ деңгейінде Қоржын компаниялардың қарыздарын қордың қарыздарды басқару саясатына сәйкес реттеп, бақылап отыратынын жазады».
«Барлық қарыз міндеттемелері жүйелі түрде мониторинг жүргізіледі және белгіленген лимиттер аясында басқарылады. Осыған байланысты, қазір қоржын компаниялар арасында қарызын өтеу қабілеті әлсіреп, дефолт қаупі бар компаниялар жоқ», — деп жауап береді.
ҚОР СМАЙЫЛОВТЫҢ КЕСІМІМЕН КЕЛІСПЕЙДІ
Былтыр Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов «ҚТЖ дефолт жағдайына түсуі мүмкін» деген еді. Алайда қор мұнымен келісе қоймайды.
«Қазір «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берген тапсырмаларды орындау жөніндегі Іс-шаралар жоспарына (жол картасына) сәйкес ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бағдарлама жаңа теміржол желілерінің құрылысын, заманауи автоблокировка жүйелерін енгізуді, сондай-ақ вокзалдық және жылжымалы инфрақұрылымды жаңартуды қамтиды. Сонымен қатар, Қор компанияның қаржылық жағдайына жүйелі түрде талдау жүргізіп, қарыз жүктемесін Қордың қарыздарды басқару саясатына сәйкес бақылап отырады. Бүгінгі күні компанияның дефолтқа ұшырау қаупі жоқ, барлық міндеттемелері реттелген тәртіпте орындалуда», — делінген ресми жауапта.
Ресми жауапта «қор барлық қаржылық тұрақтылық көрсеткіштерін толық көлемде сақтап отырғаны, топтың қарыз жүктемесін басқару белгіленген саясатқа сәйкес жүзеге асырылып, қаржылық тұрақтылық көрсеткіштерінің нормаларының орындалуын қатаң бақылауда ұстайтыны» жазылған. Қазір сыртқы қарыздардың үлесі қор тобының жалпы қарыздарының шамамен жартысын құрайды. «Бүгінгі күні шетелдік кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындамау немесе қаражатты қайтара алмау тәуекелі жоқ» дейді жауапта.








