Қаржы мониторингі агенттігі сенаторларға берген жауабында кейбір блогерлер не себепті онлайн-казиноны жарнамаудан бас тартпай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Агенттікке депутаттар бұған дейін онлайн-казиноларды жарнамалайтын және күмәнді гивтерді жүргізетін блогерлерге қылмыстық жауапкершілігін енгізуді ұсынған еді. Агенттік ресми жауабында заңсыз онлайн-гемблингті жарнамалауға жауапкершілікті қатаңдату мәселесі бойынша бірқатар мемлекеттердің тәсілдерін талдап шыққан.
«Жалпы әлемдік үдеріс – қылмыстан арылту немесе заңсыз онлайн-гемблингті жарнамалау үшін жауапкершілікті қатаңдату.
Барлық жарнамалық тізбектер – заңсыз бизнестің жолсеріктері болатын БАҚ, цифрлық платформалар, спорттық ұйымдары мен инфлюенсерлер шектеуге ұшырады», — делінген жауапта.
РЕСЕЙ
Мәселен, Ресейде арнайы рұқсат етілмеген аймақтарда құмар ойындарын жарнамалағаны үшін, заңсыз қызметті ұйымдастырған кезде бас бостандығынан айыруды қосқанда, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
БЕЛАРУСЬ
Беларусь аумағында онлайн-казиноны лицензиясыз жарнамалау ұйымдастырушылар мен көмектесушілерді қылмыстық қудалауға әкеп соғуы мүмкін.
ҚЫТАЙ
Қытай трансшекаралық құмар ойындарды ұйымдастыру және оларға жәрдемдесу үшін, соның ішінде жарнама мен ойыншыларды тартуд қоса алғанда қылмыстық жауапкершілік енгізді. Мұндай әрекеттері үшін ірі көлемде айыппұл салу және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
СИНГАПУР
Сингапурда заңсыз гемблингті жарнамалағаны үшін қылмыстық жазаны көздейтін «Gambling Control Act» жұмыс істейді, ерекшелік тек техникалық делдалдар үшін қарастырылған.
ҰЛЫБРИТАНИЯ
Ұлыбритания (Gambling Act 2005) «unlawful gambling» жарнамасы үшін қылмыстық жауапкершілікті бекітті, бұл демеушілік көрсету кезінде операторларға да, спорт клубтарына да қолданылады.
ГЕРМАНИЯ МЕН ФРАНЦИЯ
Германия мен Францияда онлайн-казино жарнамалауға тыйым салынған. Ұйымдастырушыларға, БАҚ-қа қатысты қылмыстық қудалау қарастырылған және инфлюенсерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
ҚАЗАҚСТАН
Қазақстанда онлайн-казино қызметі мен оны жарнамалауға «Ойын бизнесі туралы» (6-баптың 1-бөлігі) және «Жарнама туралы» (6-баптың 5-1-тармағы) заңдарымен тыйым салынған. Интернеттегі жаппай агрессивті жарнама халық арасында онлайн құмар ойындардың таралуына ықпал етеді. Көбінесе үлкен аудиториялы оқырмандары бар блогерлер азаматтарды құмар ойындарға тартады, бұнымен айтарлықтай табыс табады. Жыл басынан бері Агенттік құмар онлайн ойындарды жарнамалауға қатысты 37 блогер анықтаған. Материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органға (МАМ) берілді (бүгінде 18 адам жауапкершілікке тартылды, 4,4 млн теңгеге айыппұл салынды). 3 адамның қатыстылығы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қарастырылады.
«Заңнамада онлайн-казино жарнамасына тікелей жауапкершілік жоқ екенін атап өту қажет. Бұл ретте қолданыстағы ӘҚБтК-нің 455-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік санкциялар (заңмен тыйым салынған қызметті жарнамалау, 60-тан 400 АЕК-ге дейінгі айыппұл) құмар онлайн ойындарын жарнамалайтын адамдардың алатын пайдасымен мөлшерлес емес. Бұл оларды заңсыз қызметін жалғастыруға ынталандырады», — делінген жауапта.
Осыған байланысты, агенттік заңсыз ойын бизнесінің әрекетін жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу (қаржы пирамидасын жарнамалау, ҚК 217-1-бабына ұқсас) және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша түзетулерді әзірлеп, Әділет министрлігіне жіберген.








