Қазақстанда 699 жеке сот орындаушысы тәртіптік жазаға тартылды

Әділет министрлігіне қарасты Мәжбүрлеп орындату комитеті елдегі атқарушылық өндірістерге жүргізілген тексеріс нәтижесінде 42 мың іс бойынша заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

КОМИТЕТ НЕ ДЕЙДІ

Жалпы сомасы – 4,4 млрд теңге. Бұл қаржы негізсіз түрде өндіріп алушыларға (взыскатель) аударылмаған. Комитет мәліметінше, сот орындаушылары көп жағдайда заң талаптарын дұрыс түсінбей, өндірілген сомадан өз қызметі үшін ақы ұстап қалған.

Мұндай тәжірибе заңнама талаптарына қайшы. Себебі заңға сәйкес инкассалық өкім бір-ақ рет және нақты қарыз көлемінде ғана салынуы тиіс, – деді комитет өкілдері.

Анықталған заңбұзушылықтар үшін 699 жеке сот орындаушысы түрлі деңгейдегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 34 мыңнан астам атқарушылық іс бойынша 2,4 млрд теңге өндіріп алушыларға қайтарылды. Бұдан бөлек, 279 миллион теңге мемлекет кірісіне өндірілді.

ТЕТІК ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР

Қазір аталған саладағы ашықтық пен тиімділікті арттыру мақсатында жаңа тетік әзірленуде. Ол – қаражатты «Қазпошта» АҚ инфрақұрылымы арқылы аудару жүйесі.

Бұл жаңашылдық өндіріп алушыларға қаражаттың мақсатты және уақытылы түсуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ақша қозғалысының ашықтығын арттырып, адам факторын және орынсыз кідірістерді болдырмайды, – делінген комитет хабарламасында.