Қоғам

«Өзімізді мемлекетке керексіз адам сезінеміз»: Астанада салымшылар Тоқаевқа үндеу жолдады

Астана қаласында ондаған аса азамат салымшы ретінде үй аламыз деп компанияның шотына ақша салып, алданып қалғанын айтады. Олар жиналып, үндеуін Президенттің, бас прокурор мен Астана әкімінің атына жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

САЛЫМШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ

Астана тұрғындары «InterStoryAstana» ЖШС-нің үлескерлері. Олар бұған дейін бірнеше мемлекеттік органға шағым жазып, пайда болмаған соң ақыры Президентке жүгінуге мәжбүр болған.

“Аталған серіктестік үлескерлердің қаражатына көппәтерлі тұрғын үй кешенін салып береміз деп уәде беріп, халықтан ақша жинай бастаған. Алайда кейінірек жергілікті атқарушы органдардың, соның ішінде Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдерімен кездесу барысында үй салушының тұрғын үй кешенін салуға арналған тиісті жер телімі жоқ екенін білдік. Яғни, үй салушы қаражат тартуға ғана емес, заңға сәйкес әкімдіктің рұқсатынсыз немесе бірыңғай оператордың кепілдігінсіз тұрғын үйді жарнамалауға да құқығы болмаған”, – дейді олар.

Уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай бақылау мен қадағалау болмаған соң «InterStoryAstana» ЖШС жүздеген азаматтан ақша жинаған.

“Қазір сол азаматтар уәде етілген баспанасыз қалды. Бұдан бөлек, 2025 жылы 29 тамызда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң күшіне енді. Бұл заң біздің онсыз да ауыр жағдайымызды одан әрі күрделендіріп жіберді. Біз үлестік құрылыс саласында дағдарыс бар екенін, үлескерлер мәселесі бірнеше жыл бұрын шешілуі тиіс болса да, бүгінде тіпті тереңдеп кеткенін түсінеміз. Ресми мәліметтерге сәйкес, тек Астана қаласының өзінде 51 проблемалық нысан бар, онда пәтерлер заңсыз сатылып, құрылыс жарты жолда тоқтап қалған. Алайда бұл бізге жеңілдік бермейді. Көптеген салымшылар қазіргі кезде жалдамалы пәтерде тұрады, үлкен қаржылық қиындыққа тап болған. Арамызда кішкентай балаларын асырап отырғандар бар. Үлескерлердің арасында алтын және күміс алқа иегерлері, көпбалалы аналар, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар да бар”, – дейді олар.

Салымшылар “өзімізді мемлекетке қажетсіз, тастанды азаматтар сияқты сезінеміз” дейді. Ал үй салушыға төніп тұрғаны – бар болғаны екі мың АЕК көлеміндегі ең төменгі айыппұл ғана.

“Біз не істеуіміз керек? Біз баспананы қалай аламыз? Егер жиналған қаражат әлі де жұмсалмаған болса да, оны қайтарып алу – үлкен мәселе. Шарықтаған инфляцияны ескерсек, ақша қайтарылған күннің өзінде оған үй сатып алу мүмкін емес.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, сізге үлкен үміт арта отырып, құрметті Президент, уәкілетті органдарға нақты тапсырма беруді сұраймыз. Жауапты тұлғалардың қызметіне толық тексеру жүргізуді, жоба аясында жер телімін бөлу мәселесін шешуді, біздің тұрғын үй кешеніміздің құрылысын аяқтау және пәтерлерді үлескерлерге тапсыру үшін оны Бірыңғай оператордың балансына беруді өтінеміз”, – дейді салымшылар.

80 салымшы Президентке жазған хатқа қол қойып, е-өтініш платформасы арқылы жолдаған

МЕМОРГАНДАР РЕАКЦИЯСЫ

Tizgin.kz порталы InterStoryAstana» компаниясының Инстаграм-парақшасында көрсетілген ұялы телефон нөміріне хабарласқан. Алайда ол нөмір өшіп жатты. Салымшылардың полицияға жазған арызы бойынша Ішкі істер министрлігі жауап беруге уәде етті. Ал Астана әкімдігі ресми сауал жолдауды сұрады.

Жалпы, Астанада құрылыс компанияларына ақша аударып, уәде етілген үйді ала алмай жүрген салымшылар баршылық. Мәселе өзекті болғаннан кейін Астана әкімдігі 2023 жылға дейін жауапсыз компаниялардың қара тізімін жариялап келген. Ал жаңа заңға сәйкес, құрылыс жүргізетін компаниялар үлескерлерден ақша жинауға құқылы емес.

Back to top button