ЕрекшеЖаңалықтар

Қазақстан Конституциясына 30 жыл: Ата заңға неше рет өзгеріс енгізілді

Бүгін Қазақстанның Ата заңына 30 жыл толды. Tizgin.kz Қазақстан Конституциясының тарихына шолу жасады.

Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясы 1993 жылы қабылданған. Алайда “елдің саяси-құқықтық жүйесін тұрақтандыру” керек деп, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдуммен қазіргі Конституция бекітілген. Конституция күнінің дәл осы күннен бастау алуы да содан. Осы заңда президенттік басқару үлгісі айқындалып, қос палаталы Парламентті – Сенат пен Мәжілісті орнықтырды. Конституцияның 1-бабында Қазақстан «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» екені және «ең жоғарғы құндылықтар – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені жазылған.

ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Қазақстанның қазіргі Конституциясы кейінгі 30 жылда жеті рет жаңарып, оған 1100 өзгерту енгізілді. 1998 жылы 7 қазанда Ата заңның бірқатар баптарына өзгеріс енгізілді: президент өкілеттік мерзімі, Парламент палаталарының өкілеттері нақтыланды. Мәжілістегі бір бөлік мандаттарды пропорционалды жүйемен бөлінетін болды.

2007 жылы 21 мамырда мәжілістің партиялық тізім бойынша сайлануы толыққанды енгізілді, Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат нормасы бекітілді. Бірінші президентке екі мерзім шектеуінің қолданылмауы Конституцияда көрініс тапты. Бірқатар өкілеттіктер парламент пен үкіметке қайта бөлінді.

2011 жылы 2 ақпанда президент сайлауын мерзімінен бұрын тағайындау тетігі айқындалып, 41-ші бап толықтырылды. 2017 жылы 10 наурызда 19-шы бапқа 26 түзету енгізіліп, бірқатар президенттік өкілеттіктер парламент пен үкіметке берілді. Заң шығару үдерісіндегі рөлдер нақтыланды.

2019 жылы 23 наурызда Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге байланысты Конституцияның тиісті нормалары түзетілді. Алайда көп өтпей Астананың атауы өзіне қайтарылды.

2022 жылы 5 маусымда 33 бапқа 56 өзгеріс енгізілді: мәжіліске заң қабылдау құқығы беріліп, сенаттың рөлі «мақұлдау/қайтару» форматына ауыстырылды. Тұңғыш президенттің ерекше мәртебесіне қатысты нормалар алынып тасталды. Конституциялық сот институты қалпына келтіріліп,  бірқатар саяси-құқықтық шектеулер күшейтілді. Сол жылы 17 қыркүйекте президент үшін бір мәртелік 7 жылдық өкілеттік қағидаты енгізілді және ел астанасының атауы Астана болып қайта бекітілді.

Back to top button