10 мемлекет Украинаға әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеді – Bloomberg

Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Украинаға әскер жіберуге дайын екенін шамамен 10 ел барын мәлімдеді, деп жазады  Tizgin.kz.

«Ақпараттан хабардар дереккөздердің айтуынша, сейсенбі күні еуропалық шенеуніктер Ұлыбритания мен Франция әскерін Украинаға жіберу жоспарын талқылаған. Әңгіме бейбіт келісім аясында контингенттің санын және орналасу орнын белгілеу туралы болды», — деп хабарлайды агенттік.

Франция президенті Эммануэль Макрон алдыңғы күні Вашиңтонда өткен саммиттен кейін, соғыс қимылдары аяқталған соң Еуропаның қарулы күштері Украинадағы бейбітшілікті сақтау операцияларына қатысуы қажет екенін айтты. Ресей тарапы Батыс әскерін Украина аумағына орналастыру идеясын жүйелі түрде жоққа шығарып келеді.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт бұған дейін Вашиңтон Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру аясында әуе қолдауын ықтимал нұсқалардың бірі ретінде қарастырып отырғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, Дональд Трамп қауіпсіздік кепілдіктерінің «тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін шешуші мәнге ие екенін» түсінеді.

«Ол ұлттық қауіпсіздік жөніндегі тобына Еуропадағы серіктестерімізбен әрекеттерді үйлестіруді, сондай-ақ Украина және Ресеймен осы мәселелерді талқылауды әрі ынтымақтастықты жалғастыруды тапсырды», — деді Ливитт. Оның айтуынша, Трамп АҚШ әскерін жіберу мүмкіндігін жоққа шығарғанымен, Вашингтон «үйлестіру жұмыстарында көмектесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа да тетіктерін ұсына алады», — дейді ол.

Bloomberg Украинаға арналған қауіпсіздік кепілдіктерінің пакеті осы аптаның өзінде дайын болуы мүмкін екенін атап өтеді. Бұл қадамды еуропалық көшбасшылар Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің ықтимал кездесуіне дейін Киевтің позициясын нығайту үшін қолға алып отыр.

ТРАМПТЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІ

АҚШ президенті Дональд Трамптың халықаралық кездесулер кестесі геосаяси теңгерім үшін шешуші мәнге ие бола бастады. Трамп Ресей президентімен Аляскада кездескеннен кейін Еуропа көшбасшыларымен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен жеке келіссөздер өткізді. Талқылаудың негізгі өзегі — Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру және Еуропадағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі.

Сарапшылардың пікірінше, Трамптың Зеленскиймен және Еуропа лидерлерімен келіссөздері оның Путинмен кездесуі саяси база қалыптастыруға бағытталған. Бұл Вашиңтонның рөлін делдалдық алаңда күшейтіп, Еуропаның ішкі бірлігін сақтау үшін қажет. Дегенмен, нақты келісімдерге қол жеткізу немесе қақтығысты тоқтату туралы шешімдер жақын арада жария етіле қояды деу қиын.

Осылайша, Трамптың алдағы дипломатиялық қадамдары жаһандық саясаттың басты назарында қалып, Украинадағы соғыс тағдырына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болғалы тұр.