АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин келісімге келе алмады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы әлемдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Анкориджде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин кездесті. Келіссөз шамамен үш сағатқа созылған. Бастапқыда Трамп пен Путин аудармашылардың қатысуымен бетпе-бет кездесетіні хабарланған еді. Алайда формат өзгертіліп, келіссөзге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен арнайы уәкіл Стив Уиткофф те қатысты. Ресей жағынан Путиннің жанында көмекшісі Юрий Ушаков пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров болған. Келіссөзден кейін Анкориджде Трамп пен Путин бірігіп баспасөз конференциясын өткізді. Онда бір-біріне мақтау сөздер айтысты, бірақ қандай да бір нақты нәтиже жөнінде хабарламады.
ТРАМП ПЕН ПУТИН НЕ ДЕДІ
Журналистердің алдына шыққан екі елдің президенті әуелі келіссөз қорытындысы жөнінде сөз сөйледі. Сөзді Путин бастады. Ресей президенті әуелі шақырғаны үшін Трампқа алғыс айтты. Ресей мен АҚШ көршілес елдер екенін, Алясканың Ресей тарихының бір бөлігі екенін және діни байланыстар барын атап өтті. Ол Магаданда аялдағанын еске алды, онда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-пен ынтымақтастыққа арналған мемориалға барғанын айтты. Соңғы төрт жыл бойы саммиттер болмағанын, бұл екіжақты қатынастар үшін ауыр кезең болғанын жеткізді. «Диалог уақыты келгеніне қуаныштымын» деп жалғастырды Путин.
Оның айтуынша, Трамппен тікелей байланысы бар. Сондай-ақ Украина талқылаудың өзегінде болғанын мәлімдеді. «Трамптың мәселенің түбіне жетуге деген ұмтылысына баға жетпейді» деді ол.

«Бұл жағдайда қаншалықты оғаш естілсе де, біз Украина халқын әрдайым бауырлас халық деп есептедік», – деді Ресей президенті.
Біз ұзақ мерзімді бейбітшілік орнауы үшін қақтығыстың алғашқы себептерін шешу қажет екеніне сенімдіміз. Мен Трамптың “Украинаның қауіпсіздігі кепілденуі керек” дегенімен келісемін. Бұл келіссөздер бейбітшілікке жол ашады деп үміттенемін. Біз арандатушылықтар болатынын да күтіп отырмыз» деді Путин.
АҚШ президенті Путинмен кейбір мәселелер бойынша келісімге келгендерін, ал кейбірінде келісе алмағандарын айтты. «Егер келісім болмаса, мәміле де жоқ» деп атап өтті және НАТО серіктестері мен Владимир Зеленскийге қоңырау шалуға уәде берді.
Ол зор бизнес мүмкіндіктері барын айтып, ынтымақтастыққа үміт артатынын жеткізді. Сондай-ақ белгілі бір прогресс барын, Путинмен қарым-қатынасы жақсы екенін, бірақ бұған дейін оңай болмаған кездесулер де өткенін, оған түрлі «жалған жанжалдардың» кедергі келтіргенін атап өтті.
Трамп серіктестеріне қоңырау шалатынын қайталап, көп мәселеде келісімге қол жеткізілгенін айтты. «Әлі межеге жеткен жоқпыз, бірақ оған жету ықтималдығы жоғары» деді ол. Осыдан кейін баспасөз мәслихаты аяқталды, президенттер журналистердің сұрақтарына жауап бермей залдан шығып кеткен.
Бұған дейін екі елдің президенті түскі асты бірге ішетіні хабарланған еді. Алайда екеуі де түскі асты күтпестен астаналарына жетуге асыққан.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Анкориджден ақпарат таратқан ВВС тілшісі Елизавета Фохт бұл кездесуді «рубльден үміттеніп, тиын-тебен алу» деп атады.
“Президенттер, сірә, ешқандай нақты мәселе бойынша келісе қоймаған сияқты. Бір-біріне ешқандай уәде де бермеді. Тіпті баспасөз конференциясы да шын мәнінде өткен жоқ — мемлекет басшылары тек бір-біріне комплимент айтылған мәлімдемелерін оқып қана шықты, – дейді ол.
Азаттықтың жазуынша, Сан-Диего штатындағы университет профессоры Михаил Алексеев қандай да бір нәтиженің болмауы Путин талаптарын өзгертпегенін айғақтайды деді. “Бұл Ресей өзінің жалпы ұстанымын қайталағанын білдіреді. Ол өз көзқарасын өзгертпеді” деді Алексеев.
Австралия әскерінің отставкадағы генерал-майоры, Лоуи институтының зерттеушісі Мик Райан “баспасөз конференциясында Трампқа қарағанда Путинде оптимистік көңіл-күй басым болғанын” айтады.
“Десе де, Трамп та көңілі жығылғандай көрінбеген, олардың ұстанымдарындағы айырмашылық байқалып тұрды. Бұл ортақ келісімге қол жеткізілмегенін дәлелдей түседі, бірақ кейбір тұстары түйіскен болуы мүмкін” деді Райан.
Гудзон институтының сарапшысы Люк Коффи Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген комментерийінде Путин тарихи саммитте жеңіске жеткен тәрізді деді.
“Путин іс жүзінде әрі қарай санкция немесе баж салығы салынбайтындығына кепілдік берді. Ол соғысты жалғастыру үшін өзіне көбірек уақыт ұтты, ол енді халықаралық легитимділікке де ие болды және бұған ешқандай құрбандыққа бармай-ақ қол жеткізді” деді ол.
ТРАМПТЫҢ СҰХБАТЫ
Путинмен кездесуден кейін АҚШ президенті Fox News арнасына сұхбат берген. Онда ол келіссөздерді «ондықпен бағалады», өйткені «ірі ядролық державалардың сөйлескені — жақсы» деген.
Кездесудің қорытындысы бойынша Трамп Путиннің «мәселені шешкісі келетінін» айтты, ал Ресей мен Украина мәмілеге жақын тұрғанын мәлімдеді. Алайда бұл мәміленің қандай шарттары барын, Путиннің нақты нені қолдағанын Трамп ашып айтпады. Тіпті қай мәселелерде Ресей президентімен келіспегенін де айтқан жоқ. Бұл сұраққа ол: «Жауап бермегенді жөн көремін», — деді.
Соған қарамастан ол «ендігі кезек президент Зеленскийде» екенін айтты. Ал өзі Путин мен Зеленскийдің кездесуін тіпті келесі аптада-ақ ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
«Қазір олар президент Зеленский мен президент Путиннің кездесуін ұйымдастырмақ. Ал мен тіпті олардан мұны сұрамаған сияқтымын. Онда болғым келгендіктен емес, бірақ мұның жүзеге асарына көз жеткізгім келеді», — деді Трамп. Осы сөздерінен кездесуді нақты кім ұйымдастыратыны — Мәскеу ме, әлде Киев пе — түсініксіз болып қалды.
Трамп сондай-ақ Путинмен Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесінде де көп жағдайда келісімге келгенін айтты. Ол сонымен қатар Зеленскийге Путинмен мәмілеге келуге кеңес берді: «Ресей — өте қуатты держава, ал олар — олай емес».
Ресей мұнайын сатып алғаны үшін Қытайға қарсы екінші реттік санкциялар туралы сұраққа жауап берген Трамп: «Бүгін болған жайттың арқасында, әзірге бұл туралы ойланудың қажеті жоқ деп ойлаймын» деді. Бірақ екі-үш аптадан соң бұл мәселені қайта қарастыруға болатынын да қосты.