Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Армения мен Әзербайжан көшбасшылары Вашиңтонда екі ел арасындағы бейбіт қарым-қатынас жөніндегі декларацияға қол қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қол қойған декларацияда бұған дейін келісілген бейбітшілік туралы шартты қол қою және ратификациялауға ілгерілету қажеттігі айтылған.
Вашиңтонда Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері шартты парафирледі, яғни келісілген мәтінді бекітті.
Декларация мәтінінде Әлиев, Пашинян және Трамп Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастар орнату туралы келісім мәтіні парафирленгеннен кейін «шартқа қол қою және оны кейіннен ратификациялау үшін қосымша қадамдар жасаудың қажеттігін мойындағаны, сондай-ақ екі ел арасындағы бейбітшілікті қамтамасыз етіп, нығайтудың маңызын атап өткені» көрсетілген.
Сонымен қатар декларацияда өңірдегі коммуникация арналарының ашылуының және Әзербайжанның негізгі аумағы мен оның эксклавы – Нахчыванды Армения аумағы арқылы, Иранмен шекара бойымен байланыстыратын көлік дәлізін құрудың маңызы атап өтілген.
Бұл дәліз «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп маршруты» (TRIPP) деп аталды.
2020 жылғы қарашада Әзербайжан әскері Таулы Қарабақтағы армян күштерін талқандап, 1990-жылдардың бірінші жартысында армяндар басып алған Әзербайжан аудандарын өз бақылауына алғаннан кейін, Пашинян мен Әлиев атысты тоқтату туралы келісімді Мәскеуде, Ресей президенті Путиннің қатысуымен қол қойған еді.
Енді олар бейбіт декларацияға Вашиңтонда қол қойып отыр, ал Мәскеу реттеу процесінен шеттетілді. Декларацияда, өзге жайттармен қатар, Армения мен Әзербайжан Қарабақ қақтығысын реттеумен айналысуы тиіс болған Минск тобын тарату туралы өтінішпен ЕҚЫҰ Бас хатшысына жүгінгені жазылған. Аталған топтың теңтөрағалары Ресей, Франция және АҚШ еді.
«Ресей Таулы Қарабақ төңірегіндегі қақтығыста Армения мен Әзербайжан арасындағы жалғыз төреші болғысы келді, бірақ Украинаға басып кіруі Мәскеудің аймақтағы позициясын әлсіретті. Енді екі елдің көшбасшылары бұл рөлде Американы көргісі келеді», — деп түсіндіреді BBC Russian тілшісі Григор Атанесян.
Дональд Трамп бейсенбі күні, алдын ала, өзінің әлеуметтік желілерінде бұл кездесуді «Тарихи бейбіт саммит» деп атады. Алайда Армения мен Әзербайжан көшбасшылары 30 жылдан астам уақытқа созылған қақтығыс барысында алғаш рет жеке жүздесуді шамамен бір ай бұрын, 10 шілдеде Әбу-Дабиде өткізген, ал Вашингтонда олар бейбіт шартқа емес, декларацияға қол қойды.








