Әлиев пен Пашинянның жұма күні Вашиңтонда өтетін кездесуі кемінде бір маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік береді: Ресей Таулы Қарабақ қақтығысы бойынша Армения мен Әзербайжан арасындағы бірден-бір төреші болғысы келген, алайда Украинаға басып кіруі Мәскеудің аймақтағы позициясын әлсіретті, енді екі елдің басшылары бұл рөлде Американы көргісі келеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ВВС-ге сілтеме жасап.
Әзербайжан президенті де, Армения премьер-министрі де Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде онымен кездесе алмаған. Оңтүстік Кавказ Трамптың екінші әкімшілігі үшін де басым бағытқа айналған жоқ — ол кезде командасының мақсаты ауқымдырақ еді: Ресейді Украинамен татуластыру және Газадағы соғысты тоқтату.
Тек негізгі бітімгерлік жоспарлары нәтиже бермеген соң ғана Трамп армян-әзербайжан қақтығысына назар аударды. Бұл жерде соғыс қимылдары баяғыда тоқтап, тіпті бейбіт келісім мәтіні дайындалып, келісілген болатын — тек қол қою қалған.
Алайда Ресейді соғыстан кейінгі реттеу жоспарының шетіне ысыру туралы символдық мәлімдемеден өзге, Вашингтондағы кездесудің нақты пайдасы айқын емес. Әлиев әлі де бейбіт келісімге қол қоймас бұрын Армения конституциясын өзгертуді талап етеді.
Кейбір БАҚ-та жарияланған дерекке сүйенсек, тараптар Әзербайжан мен оның эксклавы — Нахчыван автономиялық республикасын байланыстыратын жолды ашу жөнінде ымыраға келген. «Зәңгезур дәлізі» атауынан бас тартылып, жол Армения бақылауында қалады, бірақ оны америкалық компания басқарады.
Жұма күні Вашиңтонда тек бейбіт келісімге қол жеткізуге ұмтылыс туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылады деп күтіледі. Әлиев те, Пашинян да мұндай ниет жайында бұрын да бірнеше рет айтқан — ал кейбір сарапшылар жуырда ғана делдалдар шеттетілген бітім процесіне АҚШ-тың белсенді араласуы тек зиян келтіруі мүмкін деп алаңдайды.
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАЗЫ
Республикалықтар Вашиңтондағы кездесуді Трамптың бітімгерлік дарынының жемісі деп атайды, алайда шын мәнінде оның артында Баку мен Мәскеудің арасындағы келіспеушілік тұр. Шілденің басында ресейлік полицияның қолынан екі әзербайжандықтың қаза табуы, формалды түрде одақтастық қарым-қатынаста тұрған екі ел арасындағы ең ауқымды дипломатиялық дағдарысқа әкелді.








